Алматыда аударылған көлік аялдаманы қиратты

Сырым Қаржас

Алматы қаласындағы Назарбаев-Қабанбай батыр көшелері қиылысында болған жол-көлік апаты кезінде көлік аялдамаға соғылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Zakon.kz

ОҚИҒА ЖЕЛІСІ

Hyundai Elantra көлігі бағдаршамның жасыл сигналы бойынша солтүстік бағытта келе жатқан.

Көлік аталған көшелердің қиылысына тап болған сәтте «Фольксваген Поло» автокөлігі Қабанбай батырдың шығыс бағытында қатты жылдамдықпен келе жатып, бағдаршамның қызыл түсіне мән бермей өте шыққан.

Салдарынан Hyundai жүргізушісі шешім қалыдауға үлгермей, жүргізушісі көлікті басқара алмай қалған Volkswagen көлігін бүйірінен соққан.

САЛДАРЫ

Жол жиегіне шығып кеткен Volkswagen көгалды жағалап аялдаманың алдындағы арыққа қарай ұшып кеткен. Әуеге көтеріліп түскен көлік сол маңдағы ағаштың бұтақтарын қағып, артқы бөлігімен аялдаманы соққан.

Қуанышқа орай, аялдамада ешкім болмаған. Жол-көлік оқиғасы салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ. Екі көліктің де жүргізушісі дін аман.

ТЕКСЕРУ

Оқиға орнына келген жол-патрульдік полициясының қызметкерлері Volkswagen жүргізушісін ішімдік ішкен деген күдікпен медициналық тексеруден өткізуге алып кеткен.