Қазақстан мен Сьерра-Леоне дипломаттары визасыз "араласатын" болды

Сырым Қаржас

Қазақстан мен Сьерра-Леоне дипломаттарының екі ел арасында визасыз қатынауына мүмкіндік беретін Қаулы жобасы мақұлданды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

pixabay.com

Үкіметтің баспасөз қызметі Қазақстан Сьерра-Леонемен дипломатиялық және қызметтік визасыз туралы келісім жобасы мақұлданғанын жария етті.

«Ұсынылып отырған Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Сьерра-Леон Республикасы Үкіметі арасында дипломатиялық және қызметтік төлқұжат иелерін визалық талаптан босату туралы келісім жобасы мақұлдансын», — делінген Қазақстан Үкіметінің қаулысында.

Құжатқа сәйкес, бір тарап мемлекетінің азаматтары — жарамды дипломатиялық паспорттардың иелері екінші тарап мемлекетінің аумағында алғаш келген күннен бастап күнтізбелік 180 (жүз сексен) күн ішінде жиынтығында күнтізбелік 30 (отыз) күннен аспайтын мерзімге көп мәрте келуге/кетуге, транзитпен өтуге және визасыз жүріп-тұруға құқылы.

«Бір тарап мемлекетінің аумағында дипломатиялық өкілдіктің немесе консулдық мекеменің қызметкері ретінде қызметтік іссапарда жүрген тараптардың бірі мемлекетінің азаматтары — жарамды дипломатиялық паспорттардың иелері, сондай-ақ олардың отбасы мүшелері — жарамды дипломатиялық паспорттардың иелері екінші тарап мемлекетінің аумағына өздері аккредиттелген кезеңге визасыз келе алады, одан кете алады, және онда бола алады», — делінген құжатта. 

Бұл ретте тараптардың әрқайсысы мемлекеттері азаматтарының дипломатиялық паспорттарының қолданылу мерзімі екінші тарап мемлекетінің аумағына келген күннен бастап 6 (алты) айдан кем болмауға тиіс.