Балам әлі-ақ Германиядан емделіп келеді – Ербаянның әкесі көз жасына ерік берді

Аян Өрібай

Астанадағы Ұлттық баспасөз клубында баспасөз мәслихатын өткізген сарбаз Ербаян Мұхтардың әкесі Мұхтар Аймағамбетов ұлын емдеу үшін Германияның клиникаларымен сөйлесіп отырғанын айтады. Олар "балаңыз 80 пайыз аяғынан тік тұрып кетеді" деп сендірген. Алайда ол жаққа санавиациямен жеткізуде қиындықтар туындаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Ulysmedia.kz

ЕРБАЯННЫҢ ӘКЕСІ НЕ ДЕЙДІ

– Жағдайы қазір Аллаға шүкір жақсы. Бір күндей болып қалды, судорогы ұстады. Ол кәдімгі процесс дейді. Адам сондайжағдавйда жатқан соң өтпелі нәрсе деді. Кеше Германияның профессорларынан сұрап жатырмын. “Неге олай қайталады? Олай болмап еді ғой” деп. Бізде сұрақ туындайды ғой. Соны бәрін профессордан сұрап едім, ол сондай жарақат алғаннан кейін, жалғыз сіздің балаңызда емес, қандай адам болсын қайталанатын нәрсе деп түсіндірді. 

Бұдан былай бәріне тыйым салып жатырмын. Бұдан былай баламды көрсетпеуге тырысып жатырмын. Неге десеңіз, әр адамның көзқарасы әртүрлі. Адам көзден де сақтануы керек. Ертең бұйырса Германиядан емделіп келеміз, сол кезде өзін халықтың алдына шығарып тұрып, өзін де бәріне жауап береді деп ойлаймын. Алла сол күнге жеткізсін, – дейді әкесі.

Бүгін Ербаянның әкесі мен адвокаты денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназаровамен кездескен. Министр санавиация жағынан көмектесуді өз қолынан келгенше қарастыратынын айтқан. Ербаянның әке-шешесі Қазақстанның дәрігерлеріне сенбейді.

Сондай-ақ оқыңыз: Ербаянды қан-қан күйде әжетханадан әкеткен кезде ізінше сержант белдік ұстап шыққан – адвокат

САРБАЗ ТУРАЛЫ НЕ БЕЛГІЛІ

Ербаян  Мұхтарұлы 22 жаста. Отбасында 4 баланың үлкені. Әскерге өзі сұранып барған. Бірнеше айдан кейін комаға түсіп, ауруханаға жеткізілген. Әскерге кетпес бұрын жас жігіттің дені сау болған, спортпен шұғылданған.

ЕРБАЯННЫҢ ЕМІНЕ ХАЛЫҚ ҚАРАЖАТ ЖИНАП ЖАТЫР

Желіде тараған Ербаянның емхана керуетіндегі суреті адамның жанын түршіктіреді. Күннен күнге солып бара жатқан сарбазға бас сүйегі ауыр зақымданған, маңдай мен самайдан тиген қатты соққыдан миы ісіп кеткен, қарақұсы сынған деген диагноздар қойылып отыр. Сарбаз шұғыл Түркиядағы клиникалардың бірінде емделуі керек. Оған шамамен 30 млн теңге қаражат керек.  Мамандар науқас клиникада кем дегенде 3 ай емделмесе беті бері қарамайтынын айтады. Осы мақсатта Ербаянның еміне халықтан қаражат жиналып жатыр. Ол үшін арнайы Instagram парақша ашылған. 

Алматыдағы Ұлттық ұланның 5571 бөлімінде былтыр құлап, комаға түскен, биыл сәуірде оянған сарбаз Ербаян Мұхтарды туған-туыстары Астанаға жеткізе алмай отыр. Ulysmedia.kz редакциясына хабарласқан олар президенттен көмек сұрап, үндеу жариялаған еді. Әскери бөлім «сарбаз дәретханада өзі құлап, басын кафельге соғып алды» деген. Ербаян Мұхтардың әкесі де, шешесі де бұл нұсқаға сенбейді.