ҰҚК Терроризмге қарсы қызметінің бастығы тағайындалды

Әлихан Асқақ

Бақытбек Рахымбердиев Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының орынбасары болып тағайындалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia

ҰҚК-ДЕГІ АУЫС-ТҮЙІС

Мемлекет басшысының өкімімен Бақытбек Төлешұлы Рахымбердиев Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының орынбасары – Терроризмге қарсы қызметінің бастығы лауазымына тағайындалды – делінген Ақорданың баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Рахымбердиевтың еңбек жолы туралы ашық дереккөзде ақпарат жоқтың қасы. Баспасөзде оның аты-жөні тек 2019 жылы комитет жүзеге асырған Жусан операциясы кезінде жиі аталған. Ол кезде Рахымбердиев ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің басшысы қызметін атқарған.

Бұған дейін Президент өкімімен ҰҚК-нің бірінші орынбасары ауысқан болатын.

Мемлекет басшысының өкімімен Әли Сапарғалиұлы Алтынбаев Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының бірінші орынбасары болып тағайындалған.

ҰҚК-НІ КІМ БАСҚАРАДЫ

Ермек Сағымбаев 2022 жылдан бері ҚР ҰҚК төрағасы.

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы, ұлттық қауіпсіздік генерал-лейтенанты Ермек Сағымбаев бұған дейін 1994-2006 жылдары – ұлттық қауіпсіздік органдарында офицерлік лауазымдағы қызметтерді атқарды;
2006-2019 жылдары – ҚР Президенті Күзет қызметінің офицерлік және басшылық лауазымдарында қызмет атқарды;
2019-2021 жылдары – Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары – ҚР Президенті Күзет қызметінің бастығы;
2021-2022жж. - Мемлекеттік күзет қызметі бастығының міндетін атқарушы, бастығы болды.