Түркия банктері Ресей қатысы бар келісімдердің бәрінен шықпақ

Меліс Сейдахметов

Түркияның барлық дерлік банктері Ресеймен байланысты келісімдерді тоқтатып, оларды бір ғана жергілікті қаржылық мекемеге тапсырмақ. Бұл туралы ресейлік ТАСС агенттігіне түрік қаржы консалтинг саласындағы дереккөз мәлім еткен, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж Ulysmedia.kz

САНКЦИЯДАН САҚТАНУ АМАЛЫ

«Қалыптасқан жағдайға байланысты Түркияның барлық банктері Ресей мен Белорусьтің қатысы бар келісімдерден түгелдей шыққысы келеді. Олар болашақтағы ықтималды шектеулер мен санкциялардан өзін қорғау үшін келісімдерді Emlak Katılım банкіне қалдыруға ниетті. Тәуекел жағдайларды ескеріп, көптеген Түркия банктері Ресей мен Беларуське қатысы бар компанияларға байланысты келісімдер бойынша жылжып жатқан доллар мен еуро түріндегі қаржыны бірден қайтаруы мүмкін» дейді дереккөз.

Бұл жерде әңгіме шетелдік серіктестері, әсіресе батыстың қатысы жоқ жергілікті және мемлекеттік банктер туралы болып отыр. Ал батыстың қандай да бір қатысы бар қаржылық ұйымдар Ресеймен байланысты операцияларды қолдауды онсыз да доғарған.

ЖОҒАРЫ КОМИССИЯ

Дереккөз Emlak Katılım банкі ғана рубль/лира келісімдерін жүзеге асыратынын, бірақ ол жерде инкассо комиссиясы стандартты комиссиядан әдеуір жоғары екенін айтады.

«Алайда өзге банктердегі талаптардың қатаңдығынан компания клиенттері 5-6% мөлшеріндегі жоғары комиссияларға қарап жатқан жоқ» дейді ол.