Қазақстанда неге міндетті әскери қызметті алып тастамайды: себебі айтылды

Аян Өрібай

Қорғаныс министрлігінің өкілдері кәсіби армия ұстау экономикалық тұрғыда тым қымбатқа түсетінін айтады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ашық дереккөзден

ЖАЗЫҚБАЕВ НЕ ДЕЙДІ

– Қарулы күштері міндетті әскери қызмет арқылы ел азаматтарын базалық дайындықтан өткізіп, қайтадан запасқа шығарып отырады. Егер Қазақстан азаматтарының басым көпшілігі қолына қару ұстай алмайтын болса, онда ел басына күн туған кезде кім келеді? Оларды тез арада кім дайындайды?

Келісімшартқа көшу жайлы! Ол әлбетте, жақсы. Бірақ экономикалық тұрғыдан алып қарағанда ауыр тиюі ықтимал, – дейді Қорғаныс министрлігінің Тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары, генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Алайда жиынға келген спикерлер кәсіби армия ұстау шығыны Қазақстан бюджетіне қаншалықты салмақ түсіретінін айта алмады.

ДЕПУТАТ НЕ ДЕЙДІ

Бұл мәселе жөнінде Мәжіліс депутаты Константин Авершин пікір білдірді.

– Мерзімді әскери қызметтің басты міндеті – адамдардың көбін қару ұстауға үйрету. Совет билігі кезінде мектептерде бастапқы әскери сабақ болатын. Жастардың көбі автоматты білмейді қазір. Бізде бар-жоғы 20 млн адам. Аумағымыз үлкен. Сол себепті өз Отанын көп азамат қорғай білуі керек, – дейді ол.

Оның сөзінше, Қазақстан бюджеті кәсіби армияны ұстауға жетпейді – әлеуметтік жағына көбірек бағытталған.

Қорғаныс министрлігі мен Ұлттық ұланның басшылық құрамы бүгін әскердегі өлім жағдайларына байланысты баспасөз мәслихатын өткізген. Олар қоғамда және БАҚ-та Қарулы күштерде болып жатқан оқиғаларға байланысты әділ толқулар болып жатқанын айтады. Алайда БАҚ-тағы кейбір ақпараттар шындыққа жанаспайтынын атап өтеді. 

АРМИЯДАҒЫ ӨЛІМ

Кейінгі жылдары «армияда көз жұмды» деген бір сарбаздың топырағы суымай жатып, екіншісі жан тапсырып жатыр. Өте қауіпті, үрейлі үрдіс! Қазір жұрт баласын армияға жіберуден қорқып қалған. Күні кеше ғана «Оймаша» полигонында оққа ұшқан әкенің «жалғыз ұлымнан айырылдым» деп шырылдаған үні бүкіл қоғамды тағы дүр сілкіндіріп, осы үрейді үдете түскен. Ал бүгін Қорғаныс министрлігіне қарасты Абай облысы Аягөз ауданында орналасқан 10810 әскери бөлімінде жоғары оқу орнын бітіріп, әскери кафедрадан кейін барған әскери қызметкер көз жұмды.

Ulysmedia.kz порталы Ұлттық ұлан, Қорғаныс министрлігі мен ҰҚК Шекара қызметінде кейінгі жылдары қанша сарбаз, қанша әскери қызметкер көз жұмғанын бұған дейін сұраған еді. Осы ведомстволардың ішінде Қорғаныс министрлігі нақты мәлімет бермеген.