“Туысқан ағам зорлап келді”: Тағы бір бойжеткен әділдік сұрап үндеу жасады

Ілияс Бақыт

Әлеуметтік желіде аягөздік бойжеткеннің видео үндеуі тарап жатыр. Ол бірнеше жыл бойы туысқан ағасынан зорлық көріп келгенін айтады. Құзырлы органдарға шағымданғанымен, істің жабылып қала беретініне наразы, деп хабарлайды Ulysmedia.kz  

Видеодан скриншот

ТУЫСҚАН АҒАМ ЗОРЛАДЫ

Қыздың сөзінше туысқан ағасы ол небәрі алты жаста болғанда жымысқы ойын жүзеге асырып бастаған. 

“Мен 10 жылдан астам тұрмыстық зорлық-зомбылық көріп келдім. Және менің туысқан ағам Жұмаханов Еркебек мен алты жаста болғанда өзінің жыныстық мүшесін көрсететін. Және де түрлі порнографиялық видеолар көрсететін. Менің қалауымсыз көрсететін”, - дейді бойжеткен. 

Қыз мән-жайды айтып полицияға арыз түсіргенімен істің жабылып қала беретінін айтады. 

“Өзінің арам-ісін мен 11-12 жаста болғанда 16 жасыма дейін жүзеге асырып келді. Мен құзырлы органдарға арыз жаздым. Біздің Қазақстанда неге зорлық-зомбылыққа қарсы заң бар болса да әлі күнге дейін күшіне енбеген? Бір жылдың ішінде тергеуімді дәлел шығып тұрса да үш рет жауып тастап отыр”,- дейді ол.

Күдікке ілінген туысқаны мектепте мұғалім болып қызмет жасайды екен.

“Еркебек мектепте мен тұрған ауылда мектепте дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеген. Сол мектептің қыздары мен басқа да ауылдың қыздарын жыныстық қатынасқа итермелеген. Ол қыздар бас тартқан. Кейбіреулері ұят деп үндемей отыр”,- деді.

Бойжеткен өзінің қыз-келіншектердің атынан шығып отырғанын айтты. Ол құзырлы органдардан пайда болмаған соң телеарнадағы бағдарламаға жүгінген. 

“Бұл жайт кейбір қазақ қыздарының басынан өтуі мүмкін. Мен сол үшін қыздарға сабақ болсын деп осы үндеуді шығарып отырмын. Еш уақытта “мен зорландым, бұл ұят” деп істі жауып, тұншықтырмаған жөн. Біз ұялмаймыз зорланғанымызға. Керісінше бізді зорлаған адам ұялсын. Және сол педофилдерге көмектесіп, ісін жауып отырған жоғары жақтағы адамдар ұялсын. Өз құқымызды өзіміз қорғай алмасақ бізді ешкім қорғай алмайды”,  дейді бойжеткен. 

БҰҒАН ДЕЙІН

Ақтөбеде 7-сынып оқушысы жүкті болып қалғанын хабарлаған едік. 

Кейін Ақмола облысының Целиноград ауданында 22 жастағы жігіттің 6 жастағы қызды зорлаған болуы мүмкін деген дерек шықты.