Батыс Қазақстанда шенеунік 107 млн теңге тұратын жерді 1,1 млн теңгеге сатып жіберген

Қалижан Бектемір

Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданының жер қатынастары бөлімінің басшысы құны 107,3 млн теңге болатын 46 гектар жерді 100 есе арзанға сатып жіберген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: ашық дереккөз

ІС ҚОЗҒАЛДЫ

Осы жерге бау-бақша егіп, саяжай салуға рұқсат берген шенеунік оны небары 1,1 млн теңгеге сатқан. Бұл өрескел заң бұзу фактісін Батыс Қазақстан облысының арнайы прокурорлары анықтап, іс қозғаған. Іске қатысты сот отырысы 2024 жылдың 16 қыркүйегінде өткен.

СОТ ҮКІМІ

Аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысына қатысты қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін арнайы прокурорлар сотқа дейінгі тергеу жүргізіп, қылмыстық істі аудандық сотқа жіберген. Сот жер қатынастары бөлімінің басшысын кінәлі деп тауып, 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды, - деп хабарлайды БҚО-ның прокуратурасы.