Ұлттық ұлан қызметкерін ұрып-соққан видео тарады

Қалижан Бектемір

Әлеуметтік желіде әскери адамға әлімжеттік көрсетіп жатқаны түсірілген видео тарап жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: видеодан скрин

ҰЛТТЫҚ ҰЛАН АҚПАРАТТЫ РАСТАДЫ

Видеодан ер адам Ұлттық ұлан киімін киген жауынгерді ұрып-соғып, балағаттап жатқанын көруге болады.

Ұлттық ұланның "Батыс" өңірлік қолбасшылығы ақпаратты растады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: «Баламды ақша үшін жамандыққа қиды ма деп күдіктенем» – Аягөзде көз жұмған офицердің туыстары

Аталған факті бойынша 2024 жылдың 23 қыркүйегінде "Батыс" РМК Әскери полициясы қылмыстық кодекстің 440-бабының 1-бөлігі (Әскери қызметшiлер арасында бағыныштылық қатынастар болмаған кезде олардың арасындағы өзара қарым-қатынастардың жарғылық қағидаларын бұзу) бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Тергеу жалғасып жатыр. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін барлық қажетті шаралар қабылданды, – делінген хабарламада.

ӘСКЕР АЙНАЛАСЫНДАҒЫ ОҚИҒАЛАР

Еске салсақ, бұған дейін Қорғаныс министрлігі армиядағы өлімнің себептері жайлы айтқан еді. Мәжіліс депутаты әскерде төрт күн сайын 1 адам қаза табатынын айтып, «адам қырғынын» тоқтатуға шақырған болатын.

Сондай-ақ таяуда Тоқаев Ұлттық ұланның Бас қолбасшысын қызметінен алып тастаған еді.

АРМИЯДАҒЫ ӨЛІМ

Кейінгі жылдары «армияда көз жұмды» деген бір сарбаздың топырағы суымай жатып, екіншісі жан тапсырып жатыр. Бірнеше күн бұрын «Оймаша» полигонында оққа ұшқан әкенің «жалғыз ұлымнан айырылдым» деп шырылдаған үні бүкіл қоғамды тағы дүр сілкіндіріп, осы үрейді үдете түскен. Ұзамай 10810 әскери бөліміне таяуда ғана барған әскери қызметкер көз жұмды.