Жалған мәліметті жариялаған азамат айыппұл төлейді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
СОТ ХАБАРЛАМАСЫ
Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының хабарлауынша, А атты азамат әлеуметтік желідегі өзінің «TikTok» қосымшасында Астана қаласында жолаушы “жүргізуші әйелдің тамағын кесіп тастағаны” туралы видеоны орналастырған. Полиция департаменті бұл факті ешқандай жерде тіркелмегенін және ақпарат шындыққа сәйкес келмейтінін хабарлаған.
ВИДЕО ТАРАП КЕТКЕН
Сот отырысында А. өзінің әрекетін ішінара мойындап, келесі күні бұл видеоны өшіргенін, бірақ оны басқа тіркелушілер таратып үлгергенін түсіндірген. Бейнежазбаны жариялаудағы мақсаты – такси жүргізушілеріне кездейсоқ жолаушылардан аулақ болуды және болашақта болуы мүмкін қылмыстардың алдын алуды ескерту екенін айтқан.
Жасалған құқық бұзушылықтың мән-жайлары іс материалдарымен, жалған мәліметтерді орналастырғандығы жөніндегі әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, полиция инспекторының баянатымен расталған. ӘҚБтК-нің 456-2-бабының 3-бөлігінің санкциясы жеке тұлғаларға 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салуды көздейді. Сот қаулысымен А. ӘҚБтК-нің 456-2 бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 20 АЕК мөлшерінде айыппұл түріндегі әкімшілік жаза тағайындалған. Қаулы заңды күшіне енген жоқ.