«Вертер әсері» : Суицид тақырыбын жариялау керек пе

Ілияс Бақыт

Соңғы тәуліктерде бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде суицид тақырыбы жиі көтеріліп жүр. Себебі өз-өзіне қол жұмсаудың бірнеше дерегі бірінен соң бірі тіркелді. Оның басым бөлігі жасөспірімдер. Бұған «Вертер әсерінің» қандай қатысы бар? Ulysmedia.kz материалында. 

Әлеуметтік желіден

“ВЕРТЕР ӘСЕРІ”

Бұл туралы мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов өзінің телеграмм арнасында жариялады. 

«Вертер әсері» – бұл феномен, суицид туралы ақпараттар жарияланғаннан кейін өз-өзіне қол жұмсау жағдайларының көбеюін көрсетеді, әсіресе мұндай хабарламалар бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен таратылған кезде байқалады. Көптеген зерттеулер көрсеткендей, суицид туралы жарияланымдар «имитациялық суицид» деп аталатын жағдайларды тудыруы мүмкін”,- деп жазды депутат телеграмм арнасында. 

Бұл феноменнің негізгі зерттеушілерінің бірі — Phillips D.P. (1974). Оның зерттеуі «The Influence of Suggestion on Suicide: Substantive and Theoretical Implications of the Werther Effect» деп аталады, және ол суицид оқиғаларының Ұлыбритания мен АҚШ-тағы газеттерде (1947-1968 жылдары) жарияланғаннан кейін айтарлықтай өскенін көрсетеді. Мұндай оқиғаларға неғұрлым көп назар аударылса, суицид саны да соғұрлым артады деген тұжырым жасалған.

“Осыған байланысты, суицидтің алдын алумен айналысатын көптеген ұйымдар бұл тақырыпты қалай дұрыс жариялау керектігі туралы бұқаралық ақпарат құралдарына арналған нұсқаулықтар әзірледі. Бұл нұсқаулықтарды орындау имитациялық мінез-құлық қаупін азайтуға көмектеседі. ДДСҰ (Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы) да медиаға суицид туралы жауапты түрде хабарлау бойынша ұсынымдар шығарған. Бұл сезімтал мәселеге мұқият және сақтықпен қарау өте маңызды, өйткені ол осал топтар үшін тәуекелдер тудыруы мүмкін,”- дейді Аймағамбетов. 

ҮРЕЙ ТУҒЫЗҒАН ОЙЫН

Бұған дейін Қазақстанда балалардың ұялы телефон арқылы ойнайтын Schoolboy Runaway ойыны жұрттың үрейін туғызды. 

БАЛАНЫ ҚОРҒАҢЫЗДАР 

Таяуда мектеп әкімшіліктері қандай ойындардың балалар үшін қауіпті екенін айтып, ата-аналарға одан сақтанудың жолын көрсеткен еді. Олардың хабарлауынша, мазмұны ата-анаға көріне бермейтін, мобильді қосымшаларда жасырылған шағын ойындар болуы мүмкін. Telegram және TikTok әлеуметтік желілерінен «Бізбен ойна!» деген шақыртулар келуі ықтимал. Мұндай үндеулерді Ozon-да сатылатын 18+ кітаптардан да табуға болады. Бұлардың ең қауіптісі: “ "Тихий дом", "Разбуди меня в 4:20", "Море китов", "Синий кит", "Красный дельфин ", "Млечный путь", "U19", "F57". " SchoolBoy RunaWay – Stealth ойыны да осы тізімде бар.

«ЖАҒАМДЫ ҰСТАДЫМ»

Белгілі экономист Рахым Ошақбаев өз баласы да осы ойынды білетінін айтып дабыл қақты. Оның сөзінше, ойынды ойнайтын бала ата-анасынан жасырынып, қаша беруі керек. Ойынның ең соңғы турында шатырға шығып кетіп, құлауы тиіс. 

– Балалардан сұрап көрдім де жағамды ұстадым. Олар біледі екен! - дейді ол.

Ошақбаев ата-аналардың бәрін сақтыққа шақырды.