Салтанат Нүкенованың отбасы Қуандық Бишімбаевтан миллиондап ақша өндіріп алды

Сырым Қаржас

Экс-министр Қуандық Бишімбаевтан Салтанат Нүкенованы өлтіргені үшін ағасы Айтбек Амангелді моральдық және материалдық шығынды өндіруді талап етіп арыз түсірген еді. Сот шешім шығарды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia коллажы

ШЕШІМ

– Парасаттылық пен әділдік қағидаттарына сүйене отырып, жақын туысының қайтыс болуы талапкердің моральдық жағдайына кері әсерін тигізгенін, оның жеке мүліктік емес құқықтарын бұзғанын ескере отырып, сот талапты ішінара қанағаттандырды, - деп хабарлады Астана сотының баспасөз қызметі.

Жауапкерден іс бойынша жұмсалған шығын ретінде 6 877 672 теңге мөлшерінде, сонымен бірге 10 миллион теңге сомасында моральдық зиянды өтеу жөнінде шешім шықты.

БИШІМБАЕВ ІСІ

Еске сала кетсек, 13 мамырда Астанада әйелін аса қатігездікпен қинап өлтірді деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаевқа сот үкімі шыққан еді. Астана қаласындағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында экс-министр 24 жылға сотталған. 

Астанадағы "Гастро-орталық" директоры, Бишімбаевтың туысы Бақытжан Байжанов Салтанат Нүкенованың өліміне байланысты іс бойынша "қылмысты жасырды" деген айыппен 4 жылға бас бостандығынан айырылды.