Мамонттар көрген комета Жерге тағы жақындап келеді

Сырым Қаржас

Ғарышкер Мэттью Доминик Халықаралық ғарыш станциясынан Күн жүйесіне қарай келе жатқан C/2023 A3 кометасын суретке түсіріп алды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мэттью Доминик

ПЕРИГЕЛИЙГЕ ЖЕТІП ҚАЛДЫ

Ғарыш зерттеушілерінің есептеуінше, ол бүгін перигелийге – Күн орбитасындағы өзінің ең жақын нүктесіне жетуі тиіс. Қазан айында бұл құйрықты жұлдыз солтүстік жарты шардағы бақылаушыларға көрінеді.

Ғарышкер Мэттью Доминик Халықаралық ғарыш станциясынан C/2023 A3 кометасын суретке түсіріп алған. Суретте кометадан басқа станцияда орнатылған Canadarm2 робот-манипуляторының бұлыңғыр сұлбаларын да көруге болады.

СӘТТІ ФОТО

Астронавтың айтуынша, бұл суретке түсіру үшін өте қолайлы сәт болған. Өйткені C/2023 A3 бүгін Күнге орбитасының ең жақын нүктесіне қарай жылжып кетеді.

КОМЕТА ҚАШАН КӨРІНЕДІ?

Астрономдардың айтуынша, құйрықты жұлдыз 12 қазанда солтүстік жарты шардағы бақылаушыларға көрінеді. Оны өз көзімен көргісі келетіндер үшін бұл ерекше оқиға болмақ. Өйткені мұндай құбылыстар өте сирек кездеседі. Тіпті бұл комета Жер бетінде мамонттар тіршілік еткен сонау 80 мың жыл бұрын осы нүктеден өткен екен.