Грекия Түркиямен арадағы шекарасын қоршаумен күшейтуді жеделдетпек

Сырым Қаржас

Грекия үкіметі Таяу Шығыстан ағылуы мүмкін заңсыз миграцияның алдын алу үшін осы бастан Түркиямен шекарада жаңа дуал салу жоспарын тездетіп жүзеге асыруға кірісті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

harici.com

Бұл туралы түркиялық harici.com ақпараттық агенттігі мәлім етті.

Афины Таяу Шығыстағы шиеленістің күшеюі миграцияның жаңа толқындарына әкелуі мүмкін деп қауіптенеді әрі Ливанмен және Палестина билігімен қарым-қатынасты жақсарту жолындағы дипломатиялық әрекеттерді де жасауға тырысып бағуда.

Түркиямен шекаралас солтүстік-шығыс құрлықтағы тосқауылдың құрылысы 2012 жылы басталып, содан бері ұлттық қаражат есебінен кеңейтілген-ді.

Германияның заңсыз көші-қонға қатысты қатаңырақ ұстанымдағы шешімінен кейін Берлиндегі саясаткерлер Грекия сияқты шекаралас елдерді Еуропаның сыртқы шекараларын қорғауды күшейтуге шақырған шақта бұл мәселе қайта көтерілді.

Соңғы ахуалды ескере отырып, Афины Еуропалық Одақтан қоршауды кеңейтуді қаржыландыруды қайтадан талап етті.

«Жаңа қоршау Еуропамен бірге немесе Еуропасыз салынады», – деді Грекия премьер-министрі Кириакос Мицотакис

Бірақ Еурокомиссия қоршауларды қаржыландыруға қарсы болғанымен, ұлттық үкіметтер өз шекараларын қалай да болсын қорғау керектігін жақсы білетінін де мойындайды.