Алматы облысында 14 жастағы оқушы қыздың денесі табылды

Сырым Қаржас

Алматы облысы Талғар ауданының кентінде 14 жасар қыз көз жұмды. Оның қандай жағдайда жан тапсырғаны белгісіз, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: gov.kz

"Не молчи" қорының хабарлауынша, қайғылы оқиға Өтеген ауылында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, ол өз-өзіне қол салған болуы мүмкін.

ПОЛИЦИЯ НЕ ДЕЙДІ 

Алматы облысының полиция департаменті баланың өлімі жайлы ақпаратты растады.

– Аталған факті бойынша Талғар ауданының полицейлері қылмыстық іс қозғады. Сот-медициналық сараптама тағайындалды, – деп хабарлайды полиция.

Қазір тергеу жүргізіліп жатыр.

ЕЛДЕ СУИЦИД КӨБЕЙІП КЕТТІ

Жалпы елде кейінгі кезде өзіне қол жұмсау фактілері көбейіп кетті. 16 қыркүйекте Алматыда мектептің екі оқушысы биіктен секіріп кеткен. Бұл жайттың басқа да нұсқасы бар деген әңгіме тараса да, Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха бұл фактіні “сөзсіз суицид” деп есептейді.  

Оның алдында Алматыдағы Құрлық әскерлерінің әскери институтында сержанттың суицид жасағаны жөнінде ақпарат тараған. Қорғаныс министрлігіне қарасты Абай облысы Аягөз ауданында орналасқан 10810 әскери бөлімінде жоғары оқу орнын бітіріп, әскери кафедрадан кейін барған әскери қызметкер көз жұмды. Әскери бөлім оның туған-туыстарына жас жігіт асылып қалғанын айтқан. Алайда марқұмның туған-туыстары бұл нұсқаға күмәнмен қарайды.

Алматыда Almaty Management University студенті қаза болғаны да хабарланды.

Депутаты Асхат Аймағамбетов өзінің телеграмм арнасында мұндай жайттар жайлы ақпарат тараған сайын жағдай ушығатынын, ол «Вертер әсері» деп аталатынын ескертеді. Оның сөзінше, Вертер әсері – суицид туралы ақпараттар жарияланғаннан кейін өз-өзіне қол жұмсау жағдайларының көбеюін көрсетеді, әсіресе мұндай хабарламалар бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен таратылған кезде байқалады.