Түркия блогерлердің табысына бақылау қойды

Әлихан Асқақ

Түркияда әлеуметтік желі арқылы ақша табатындарға арнайы салық сала бастауы мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ашық дереккөз

ҚАЛАЙ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ

Елдің Қаржы министрлігі қолданыстағы заңға енген өзгертулерге сай, интернетте тауар сататындар мен түрлі контент арқылы ақша табатындар арнайы мемлекеттік куәлік алып, банктен есепшот ашуы қажеттігін айтты. Сол есепшотқа түскен ақшадан мемлекет 15 пайыз ұстап отырады.

Сондай-ақ бұл заң мобильді қосымша жасап, сол арқылы пайда табатындарға да қатысты болмақ. Дегенмен әзірге заң міндетті емес, тек ерікті түрде салық төлеуге итермелейді. Ал осы ереже бойынша салық төлейтіндер қосымша құн салығынан босатылады.

БІЗДЕ ҚАЛАЙ ЕДІ

Естеріңізде болса, 10 шілдеде Қасым-Жомарт Тоқаев Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы заңға қол қойған болатын.

Заң онлайн-платформалар мен блогерлердің құқықтары мен міндеттерін белгілейді. Желіде жалған ақпарат таратқаны үшін қолданыстағы қылмыстық жауапкершілік пен әкімшілік жауапкершілік енгізілді.

Әлеуметтік желідегі парақшаларында жарнама орналастыратын қазақстандық блогерлер ресми түрде кәсіпкер ретінде тіркелуі керек.