«Бай кісі деді». Нұрәлі Әлиевтің ұлы дрон түсіруді үйренбек

Ғалиасқар Думан

Танымал видеограф, дроншы – Дастан Мұхамедкәрім «Айқап» подкастына берген сұхбатында экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың шөбересі – Нұрәлі Әлиевтің баласына дрон түсіруді үйрететінін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөз

НЕ ЖАҒДАЙ

Видеограф Нұрәлі Әлиевтің баласы 19 жаста екенін айтты.

«Елбасының туған шөбересін бұйырса дрон түсіріп үйретейін деп жатырмын. Білмеймін оған не үшін керек? Нұрәлі Әлиев деген Рахат Әлиевтің баласы бар, соның баласы 19 жаста. Назарбаевтың шөбересі болып тұр ғой сонда. Жақында бір әйел жазады маған, бірнеше рет звондады, мен босамай жүрдім, бір күні звондап «срочно» бір бай кісінің баласын үйрету керек, дронмен ұшырып үйренгісі келіп жүр екен, кім екенін айтпады. Бай кісі деді. Сөйтіп жарайды дедім. Сөйттім де, 5 күнге бір табиғатқа шығып, үйретуге болады. Бес күн ішінде керек нәрселерді үйретіп тастаймын дедім. Бір кезде қанша болады бағасы деді, 5 миллион дедім. Бес күнге бес миллион десем. «Жарайды, жарайды», – деді. Қап көп айту керек едім деп ойладым. Қымбат айту керек еді деп ойладым. Нұрәлі Әлиев ол «Транстелекомның» бастығы, доллорлық миллиардер деп айтуға болады», –  деді Bydastan атауымен танымал видеограф.

Подкаст авторы Алмас Маратұлы олардың қазір тыныстары тарылып жатыр ғой, дұрыс та шығар, бір қолмен жұмыс жасап ақша табайын деген шығар деп ойды қорытындылады.

Подкасттың толық нұсқасы АЙҚАП PODCAST youtube арнасында.

НҰРӘЛІ ӘЛИЕВ КІМ

Нұралі Әлиев Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариғаның ұлы. Былтыр «Транстелеком» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы болып сайланған. Көпшілің оның қызметке келуін  «ескі Қазақстанның оралуы» деп бағалаған.

«Форбс» журналының мәліметінше, Нұрәли Әлиевтің дәулеті 220 миллион долларға бағаланады. Оның ең маңызды активі 75% акциясына иелік ететін осы – «Транстелеком». Одан бөлек, «Capital Holding», «Darmen Holding» фирмаларында үлесі бар. Көбіне кәсіпте жүрген ол 2014-016 жылдары Астана қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарған.