АЭС салынғанын қолдаймын – Мәжілістегі ең жас депутаттың бірі

Аян Өрібай

Мәжіліс депутаты Тілектес Адамбеков Қазақстанда АЭС құрылысына көзқарасы қалай екенін айтып берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia коллажы

ДЕПУТАТ НЕ ДЕЙДІ

Мәжіліс кулуарында Ulysmedia.kz тілшісі депутаттан референдум жөнінде, атом электр станциясының құрылысы жөнінде сұраған.

– Жалпы мен оны қолдаймын, неге десеңіз, біз уран өндірісі бойынша әлемде бірінші орындамыз. Қоры бойынша екінші орында тұрмыз. Көршілердің бәрі Ресей болсын, Өзбекстан болсын АЭС салып жатыр. Қытайдың өзінде мысалы 60-қа жуық АЭС бар. Тағы 20-дан астам АЭС салайын деп жатыр. Бізде қаншама уран бар. Өкінішке қарай шикізатты сатқанымызбен, оны қолдану процесі жоқ. Электр энергиясының тапшылығын өзіңіз білесіз. Бізде әртүрлі энергия түрлерін дамытуымыз керек. Соның ішінде АЭС те керек деп ойлаймын, – дейді ол.

Ел ішінде көп тараған позицияның бірі «иә, бізге АЭС керек, бірақ Ресей салмасын» деген пікір. Көбі осыны айтады. “Сіз бұл жөнінде не ойлайсыз?” деген сұраққа Адамбеков былай жауап берді.

– Үкіметпен бұл жөнінде сөйлесіп жатырмыз. Бұл жерде концорциум болсын деп отырмыз. Бір емес, қаншама мемлекет бірге қосылып, үздік технологияларын пайдаланып құру. Аймақтарға шыққан кезде халық бізге әртүрлі сұрақ қойып жатыр. Біреу «Ресей салмасын», «біреу Қытай салмасын», «АҚШ салмасын» дегендер бар. Келешекте шешім шығады. Ең бастысы, референдумда халық келіп, пікірін білдірсе дейміз.

35 жастағы депутат Мәжілістің экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі. 

РЕФЕРЕНДУМ

Еске салсақ, АЭС бойынша референдум биыл 6 қазанда өтеді. 

EGov mobile қосымшасында АЭС-ке қатысты жаңа бөлім құрылды.

АЭС бойынша референдумға 15,5 млрд теңге жұмсалады.