Суицидке цифрлық сауатсыздық кінәлі ме? Депутат жаңа пән еңгізуді ұсынды

Әлихан Асқақ

Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова мектеп оқушылары арасында өзіне қол жұмсау фактілерінің көбеюі оқушылар мен ата-аналардың цифрлық сауаттылығын арттыруды талап ететінін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz. 

ашық дереккөз

ДЕПУТАТ СӨЗІ

Депутат әлеуметтік желідегі қауіпті ойындар мен қатыгездікті насихаттайтын контенттер жасөспірімдердің санасын улап жатқанын атап өтті. 

Әлеуметтік желіге бақылауды күшейту кезек күттірмейтін міндет деп есептеймін. Желінің кері әсеріне көз жұмып қарау – ұрпақтың болашағына балта шабумен бірдей. Құқық қорғау органдарынан заңнамалық шараларды, әсіресе жасөспірімдерге арналған мессенджерлердегі контенттің гигиеналық нормаларын қатайтуды талап ететін уақыт жетті. Мәдениет және ақпарат министрлігі, Бас прокуратура және Цифрлық даму министрлігі балаларға қауіпті контентті анықтау және зерттеу үшін ведомствоаралық жауапкершілікті күшейтуі керек, – деді Сүлейменова.

Оның айтуынша мемлекеттік органдар Парламент қабылдаған заңнамалық шешімдердің орындалуын қатаң қадағалауы тиіс, сонымен қатар әрбір ата-ана балаларының интернетте өткізетін уақытын бақылауға және олардың зиянды контенттен қорғалуын қамтамасыз етуге міндетті.

Балаларға зиянды ақпаратты автоматты түрде анықтайтын және блоктайтын жаңа технологиялар мен жүйелер керек. Сондай-ақ оқушыларға желіден келетін қауіпті зерделеп, оқу бағдарламасына цифрлық сауаттылықты арттыру пәнін енгізу қажет, – деді депутат.

БҰҒАН ДЕЙІН

Қазақстанда соңғы уақытта суицид жағдайлары жиілеп кетті.

Жуырда Almaty Management University студентінің мәйіті табылған болатын. 

Оның алдында сержант Алматыдағы Құрлық әскерлерінің әскери институтында суицид жасағанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ 18 жастағы жігіт Алматыдағы Әуезов ауданындағы көпқабатты үйден секіріп кеткен еді.

Таяуда Алматыда 12 жастағы жасөспірім қыз 13-қабаттан секіріп өзіне қол салған. Оның алдында екі оқушы қыз 8 қабаттан секіріп мерт болған еді. Жасөспірімдердің суицидін өзіне қол салуға итермелейтін қауіпті ойындармен байланыстырып жатқандар бар. Алайда бұл нұсқа ресми расталмады. Аталған фактілер бойынша тергеу жалғасып жатыр.