Елордалық полиция департаменті үйлердің шатырына кіреберісті жабу туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
НЕ ЖАҒДАЙ
28 қыркүйекте сағат 17.36-да полицияға көпқабатты тұрғын үйдің төбесінде бір қыз көрінгені туралы қоңырау түседі. Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері ол жерде кәмелетке толмаған 7 баланың ойнап жүргенін көреді.
Жасөспірімдер шатырдың ашық есігін тауып, оған көтерілген. Кәмелетке толмағандардың мобильді құрылғыларын олардың заңды өкілдерінің қатысуымен тексергеннен кейін қауіпті ойындарға қатысу фактілері анықталған жоқ, – делінген хабарламада.
Жасөспірімдердің ата-аналары балаларды бақылаудың жеткіліксіздігі үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар, полицейлер болашақта осындай қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін тұрғын үй кешендері мен үйлердің шатырына кіруді жабу бойынша шаралар қабылдады.
СУИЦИДТІҢ ЖИІЛЕУІ
Бүгін ғана астаналық 14 жасар қыздың көз жұмғаны туралы жазған болатынбыз.
Бұған дейін мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова мектеп оқушылары арасында өзіне қол жұмсау фактілерінің көбеюі оқушылар мен ата-аналардың цифрлық сауаттылығын арттыруды талап ететінін айтқан еді.
Қазақстанда соңғы уақытта суицид жағдайлары жиілеп кетті.
Жуырда Almaty Management University студентінің мәйіті табылған болатын.
Оның алдында сержант Алматыдағы Құрлық әскерлерінің әскери институтында суицид жасағанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ 18 жастағы жігіт Алматыдағы Әуезов ауданындағы көпқабатты үйден секіріп кеткен еді.
Таяуда Алматыда 12 жастағы жасөспірім қыз 13-қабаттан секіріп өзіне қол салған. Оның алдында екі оқушы қыз 8 қабаттан секіріп мерт болған еді. Жасөспірімдердің суицидін өзіне қол салуға итермелейтін қауіпті ойындармен байланыстырып жатқандар бар. Алайда бұл нұсқа ресми расталмады. Аталған фактілер бойынша тергеу жалғасып жатыр.