Айыппұл салынуы мүмкін: TikTok, YouTube және Snapchat тергеледі

Ілияс Бақыт

Еуропалық комиссия танымал әлеуметтік желілер TikTok, YouTube және Snapchat платформаларына қатысты тергеу бастады, себебі олардың ұсыныс алгоритмдері жалған жаңалықтар мен зиянды мазмұнды осал пайдаланушылар арасында таратуы мүмкін деген қауіп бар, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia/ЖИ

ТЕРГЕУДІҢ МАҚСАТЫ

Бұл туралы 2 қазанда Еуропалық Одақ атқарушы билігінің ресми мәлімдемесінен кейін белгілі болды.

Тергеудің мақсаты – ЕО-ның Цифрлық қызметтер туралы заңы (DSA) аясында пайдаланушылар неге тамақтану бұзылыстары, есірткіге тәуелділік және депрессия тақырыптарындағы мазмұнды, сондай-ақ сайлауға қатысты жалған ақпаратты алатынын зерттеу. Еуропалық комиссия платформалардан олардың видео ұсыныс алгоритмдерінің қалай жұмыс істейтінін және пайдаланушыларды қорғау үшін қандай шаралар қабылдап жатқанын ашық көрсетуді талап етеді.

АЙЫППҰЛ АРҚАЛАУЫ МҮМКІН

Ерекше назар автоматты ойнату және шексіз айналдыру функцияларына аударылып отыр, өйткені бұл функциялар пайдаланушылардың тәуелділігін тудыруы мүмкін. Айына 45 миллионнан астам пайдаланушысы бар платформалар қатаң ашықтық талаптарына сай болуы керек және Еуропалық комиссияға толық ақпаратты 15 қарашаға дейін беруі қажет. Әйтпесе, оларға ЕО заңнамасына сәйкес айыппұлдар салынады.

“ДАБЫЛ СИГНАЛЫ”

Еурокомиссияның жоғары лауазымды шенеунігі тергеу әлеуметтік желілер үшін «дабыл сигналы» болуы керек екенін атап өтті, сондықтан олар өз саясатын қайта қарап, қауіпті контентті шектеу мүмкіндігін пайдаланушыларға беруі тиіс.

“МЭТАҒА” ДА ТЕРГЕУ ЖҮРГІЗІЛЕДІ

Meta компаниясының (Facebook және Instagram-ның бас компаниясы) қызметіне де тергеу жүргізілуде. Мамыр айында Еурокомиссия компанияның балаларды манипуляциялау және оларға тәуелділік тудыру үшін платформаларының интерфейстерін пайдаланбайтынын тексеруді бастаған.