Қазақстан ЕАЭО-да сүт техрегламенті талабын екі жылға ұзартуды ұсынды

Аян Өрібай

Қазақстан ЕАЭО елдеріне сүт пен сүт өнімдері бойынша 2025 жылдың 1 қаңтарында күшіне енеді делінген техникалық регламентті тағы екі жылға ұзартуды ұсынып отыр. Бұл туралы Сенат кулуарында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia коллажы

ВИЦЕ-МИНИСТР НЕ ДЕЙДІ

– Қазіргі таңда сүт көлемінің үлкен бөлігі жеке қосалқы шаруашылықтар есебінен сүт өңдеу зауыттарына тапсырылып жатыр. Еуразиялық экономикалық комиссияға Қазақстан тарапынан тиісті ұсыныстар енгізілген. Жақында өткен отырыста бұл мәселе қаралды. Қазақстан тарапы өз ұсыныстарын енгізді. Қазіргі таңда әлі де келіссөздер жүргізіліп жатыр. Біздің ұсынымыз – кемі екі жылға созу. Қазір Қазақстанда сүт-тауарлы фермаларын салу бойынша үлкен жобалар іске асырылып жатыр. Үлкен жобалардың аясында өнеркәсіптік деңгейде өндіруді көздеп отырмыз. Сол арқылы тиісті техрегламентке сәйкестігімізді арттырамыз, – дейді вице-министр Сенат кулуарында.

АҚҚА ЖАРЫТПАҒАН АГРОСАЯСАТ

Еске сала кетейік, сүт шаруашылығының өзекті мәселелерін бұған дейін Ulysmedia.kz тілшісі арнайы зерттеп жазған еді. 

Әлемде кейінгі жылдары болып жатқан геосаяси оқиғалар көршілес елдердің азық-түлік қауіпсіздігіне ықпал етпей қоймайды. Санкциялар салдары қалыптасқан тауар тасымалы желісін үзіп, бағытын өзгертті. Шығыс Еуропаға тасымалданып келген ресейлік азық-түлік өнімдері Қазақстан нарығын бетке алды: отандық ауыл шаруашылығы өнімін, оның ішінде сүт өндірушілерге бұл фактор ауыр соққы болды.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегіне сүйенсек, 2023 жылдың 9 айында сүт өнімдері импорты 303,6 млн АҚШ долларын құраған. Оның 77% Еуразия экономикалық одағы (ары қарай – ЕАЭО) елдерінен, 23% үшінші елдерден әкелінген. Бұл қазақстандықтар 9 айда ЕАЭО елдері мен үшінші елдерге 140 млрд теңгеге жуық қаржы құйды деген сөз. Егер еліміздің сүт өнімдері нарығын отандық сүт өндірушілер қамтамасыз етсе, онда біз атаған қаржы ел экономикасына құйылар еді.

Мұның алдында Қазақстан ЕАЭО-да сүт техрегламенті талабын 3 жылға ұзартуды ұсынғалы отырғанын Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев айтқан еді.