Антикор мұғалімдерге еңбекақы төлеу қорынан ақша ұрланғанын анықтады

Сырым Қаржас

Антикор мұны сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген сыртқы талдау барысында анықтаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ашық дереккөзден

АНТИКОР НЕ ДЕЙДІ

Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген сыртқы талдау барысында бюджет қаражатын жоспарлау және игеру кезеңдерінде педагогтердің еңбегіне ақы төлеу қорынан бюджет қаражатын жымқыру схемалары ашылған. Бюджет өтінімдерін қалыптастыру процестерін автоматтандырудың, бұзушылықтарды бақылау және алдын алу тетіктерінің, сондай-ақ ақпараттық жүйелердің біркелкі болмауына байланысты көптеген фактілер мүмкін болған. 

– Сыбайлас жемқорлықтың себептері мен жағдайларын жою мақсатында Білім, Қаржы және Цифрлық даму министрліктерімен бірлесіп Жол картасы іске асырылып жатыр. Кешенді жұмыс аясында бюджетті жоспарлау процесін цифрландыру үшін құқықтық жағдайлар жасалды, – деп хабарлады агенттік.

КҮДІКТІ ТӨЛЕМДЕРГЕ МОНИТОРИНГ

Бірінші кезекте, «Бухгалтерлік операциялардың бірыңғай қоймасы» жобасы енгізілген. Ұлттық білім беру базасында мемлекеттік органдармен интеграцияланған «Педагог портфолиосы» электрондық модулі әзірленген. Сондай-ақ сатып алынатын бухгалтерлік есеп жүйелеріне бірыңғай техникалық талаптар көзделген, тәуекелдерді басқару жүйелері енгізілген.

– Іске асырылған цифрлық шешімдердің арқасында өңірлік басқармалар мен білім бөлімдері ай сайын бухгалтерлік есеп және қазынашылық жүйелерінің есептерін салыстырып отырады. Бұдан басқа, мемлекеттік аудит органдары тарапынан жалақыны көтерумен бірге дербес және банктік деректерді бұрмалаумен ұштасқан педагогтердің еңбекақы төлеу қорынан күдікті төлемдердің қашықтықтан мониторингі енгізілді», – дейді Антикор.

ЗАЛАЛ БҰРЫНҒЫДАЙ МЛРД ТЕҢГЕ ЕМЕС

Биыл одан бөлек, агенттіктің бастамасы бойынша бюджеттік процестерді автоматтандыруға, қазынашылық жүйесін білім беру ұйымдарының бухгалтерлік есеп жүйелерімен интеграциялауға, төлем құжаттарына қол қою кезінде биометрияны енгізуге бағытталған цифрлық шешімдер енгізілген. Бұл шаралар қаражаттың жұмсалуына тиімді бақылау орнатуға мүмкіндік берген.

– Жоба енгізілгенге дейін былтырғы істер бойынша Антикор анықтаған залал миллиардтаған сомамен (17,3 млрд) өлшенсе, биыл жымқыру айтарлықтай азайтылды (7,3 млн), – деп хабарлайды агенттік.

Қазір агенттік білім беру мекемелерінің қызметкерлері арасында қаржылық бұзушылықтардың алдын алуға және профилактикаға бағытталған түсіндіру іс-шараларын жүргізіп жатыр.