Түркияға емделуге әкетілген Ербаянның жағдайы қалай

Ғалиасқар Думан

Құқыққорғаушы Инга Иманбай әскерде жараланған Ербаян Мұхтардың Түркиядағы емінің барысы туралы айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Инга Иманбайдың facebook парақшасынан

ИНГА ИМАНБАЙ ЖАЗБАСЫ

«Ербаянның жағдайы қалай?» деп іздеп жатқан көпшілікке алғысымыз шексіз. Қазір тиісті диагностиканы өтіп, Стамбұлдағы емін қабылдауды бастады. Ата-анасымен күнде хабардамын. Сіздерге тағы да алғысын айтуда” делінген жазбада.

Ербаян Мұхтар 27 қыркүйек күні Ыстанбұлдағы “Медикал-Парк” клиникасына орналастырылған.

САРБАЗ ТУРАЛЫ НЕ БЕЛГІЛІ

Ербаян  Мұхтарұлы 22 жаста. Отбасында 4 баланың үлкені. Әскерге өзі сұранып барған. Алматыдағы Ұлттық ұланның 5571 бөлімінде мерзімді әскери қызметте жүріп жараланып комаға түскен. Әскери бөлім «сарбаз дәретханада өзі құлап, басын кафельге соғып алды» деген. Ербаян Мұхтардың әкесі де, шешесі де бұл нұсқаға сенбейді.

РЕСМИ ДЕРЕК

Соңғы үш жылда Қазақстанда 270 әскери қызметкер қайтыс болған. Қорғаныс министрлігі әскердегі өлімнің көбін жазатайым жағдай ретінде, суицид фактілерін тұрмыстық қиындықтармен түсіндіріп жатады. Десе де көпті мұның артында армия сапындағы аяусыз әлімжеттік тұрған жоқ па деген ой мазалайтыны жасырын емес.

ӘСКЕРДЕГІ БУЛЛИНГ

Әскери саланы зерттеп жүрген журналист Амангелді Құрмет әскердегі, қала берді қоғамдағы буллинг қоғамның мәдени, құқықтық санасының көрінісі десе, әлеуметтік теория зерттеушісі Ғалым Жүсіпбек бүгінгі қазақ қоғамындағы зорлық, әлімжеттік, адам тұлғасын қастерлемеу сынды теріс әрекеттердің себебі тоталитар жүйемен тығыз байланысты екенін айтады.