Украинаның басып алынған аумағының мұғалімдері балаларға Кремль бағдарламасы бойынша сабақ беруге мәжбүр

Қалижан Бектемір

Халықаралық Amnesty International құқық қорғау ұйымы Ресей билігі Украинаның оккупацияланған аймақтарындағы мұғалімдерге оқушы балаларды "Кремль идеологиясы сіңірілген" ресейлік оқу бағдарламасымен оқытуға мәжбүрлеп жатқанын айтып, айыптауда, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Amnesty International

Бұл туралы BBC жазды. 

КҮШ ҚОЛДАНҒАН

Amnesty жариялаған есепке қарағанда, оккупацияланған аймақтағы Ресей тағайындаған билік өкілдері украин мұғалімдеріне не қылмыстық қудалаудан қашуды, не оқушыларға ресейлік мемлекеттік идеологияны сіңіруге атсалысуды ұсынған. Мұғалімдердің көбін тінтіп, тіпті күш қолданады.

Оккупацияланған аймақта мектептердің жұмыс істеп тұрғаны Ресей билігіне бақылауды күшейту үшін маңызды.

Мұғалімдерді мектепке қайта оралуға мәжбүрлеп, қысым жасайды. Оларға қызмет бойынша өрлеу мен жалақыларын көтереміз деп уәде береді. Ұсыныстан бас тартқан жағдайда "жұмыссыз қалдырамыз", "қоғамды қарсы қоямыз" деп қорқытады, тіпті күш те қолданады деп жазды есеп авторлары.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Украинадағы соғыс: Ресей әскері Покровскіден 7 км қашықта орналасқан

КЕЙБІР МҰҒАЛІМДЕР ІЗ-ТҮЗСІЗ ЖОҒАЛҒАН

Кейбір мұғалімдер өздерін мектептегі пропагандалық шараларға қатысуға мәжбүрлейтінін, Ресейдің мемлекеттік рәміздері жанында күштеп суретке түсіретінін айтқан.

Құқық қорғаушылардың айтуларынша, оккупациялық билікпен әріптестік орнатудан бас тартқан кейбір мұғалімдер із-түзсіз жоғалған, кейбірін "ұрлап әкетіп, өлтірген" көрінеді.

Amnesty ұйымы осындай өрескел адам құқығын бұзу фактілерін зерттеп, кінәлілерді жауапқа тартуға шақырады.