Инвесторларға арналған танымал бестселлер қазақ тіліне аударылды

Сырым Қаржас

Стэнфорд университетінің профессоры Илья Стребулаев пен технология және цифрлық стратегия бойынша кеңесші Алекс Дангтың танымал шығармасы «Венчурлық ойлау жүйесі: саналы түрде бәс тігіп, орасан зор табысқа қалай жетуге болады» деген атпен қазақ тілінде жарық көрді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Руслан Пряников

Стэнфорд университетінің профессорлары мен Алекс Данг кітапты басып шығаруға 10 мың долларға дейін инвестиция салған. Бестселлердің ресми тұсаукесері Алматыда өтті.

Профессор Илья Стребулаев 20 жыл бойы венчурлық капиталистердің шешім қабылдау тәсілдерін және корпоративтік инновациялардың сәттілігі мен сәтсіздігінің себептерін зерттеді. Оның бірлескен авторы Алекс Данг венчурлық инвесторлардың ойлауы мен механизмдері Amazon және McKinsey сияқты табысты бизнесті құруға қалай көмектесетінін өз басынан өткерген.

Кітап авторлары инвесторлар мен кәсіпкерлерге бизнесті табысты өзгерту үшін шешім қабылдауға көмектесетін тоғыз қағиданы сипаттайды.

Жоба кәсіпкер Кеңес Рақышев пен эколог Әсел Тасмағамбетованың ұйымдастыруымен «Саби» қайырымдылық қоры мен byb капитал венчурлық қорының қолдауымен жүзеге асырылды.