«Бейрут соғыс аймағына айналды». Израиль Ливан астанасына тағы соққы берді

Қалижан Бектемір

Израиль әскері Ливанның оңтүстігіндегі құрлық операциясын жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: GETTY IMAGES

КЕМ ДЕГЕНДЕ АЛТЫ РЕТ ЖАРЫЛЫС БОЛДЫ

BBC-дің жазуынша, ел астанасы Бейруттегі «Хезболланың» инфрақұрылымдық нысандарына зымыран шабуылдарын үдетуде.

Сенбіден жексенбіге қараған түні Израиль Бейруттің оңтүстік бөлігіне жаппай зымыран шабуылын жасап, «Хезболла» инфрақұрылымын атқылаған.

Соққылар жарты сағат бойы үздіксіз бірінен соң бірі жалғасты, деп жазады Reuters куәгерлерге сілтеме жасап.

От ұшқындары бірнеше шақырым қашықтықтан көрінген.

Бейруттағы BBC тілшісі қала ішінде кем дегенде алты үлкен жарылыс болғанын, жарылыстар арасында ұшқыш дрондардың дыбысы естілгенін хабарлады.

Соққылардың бірі жанармай құю стансасына тиген болуы мүмкін, – деп жазады ВВС журналисі.

Аспанға от шары көтерілген және видеодан үлкен өрт шығып жатқанын көруге болады.

Ал Бейруттағы CNN тілшісі түнде болған соққыны кейінгі уақыттағы ең ірі шабуыл деп сипаттады.

ЦАХАЛ ЖОСПАРЛАРЫ ТУРАЛЫ ЕСКЕРТУ ЖАСАҒАН

Израиль қорғаныс күштері «Бейрут аймағындағы Хезболла лаңкестерімен байланысты нысандарға шабуыл жасап жатқанын» растады. Шабуыл басталғанға дейін бірнеше сағат бұрын ЦАХАЛ жоспарлары туралы ескерту жасап, «жақын арада» қай аймақты нысанаға алатынын көрсетіп, 500 метр радиуста тұратын адамдарды шұғыл эвакуациялауға шақырды.

Әуежай маңындағы аймақ сенбі күні Израильдің зымыран соққыларына ұшыраған болатын.

Сенбі күні таңертең Израиль қолбасшылығы «Хезболланың» таулы аймақтарда, қалың тоғайларда және халық тығыз қоныстанған аймақтарда орналасқан «жарылғыш заттары бар» қару қоймаларының жойылғанын хабарлады.

Еске салсақ, Дональд Трамп Израильді Иранның ядролық нысандарына соққы беруге шақырған болатын.

Ал лондондықтар Таяу Шығыстағы Израиль геноцидіне қарсы шеруге шықты.

Сондай-ақ Израильдің соққысынан «Хезболла» бас хатшысының мұрагері қаза тапты.