«Кешіріңдер мені»: Ата-анасын пышақтап өлтірген жігіт хат қалдырғаны айтылып жатыр

Қалижан Бектемір

Атырауда жас жігіт әке-шешесін өлтіріп, кейін өзіне қол салғанын жазған болатынбыз. Оның мұндай қатігездікке не үшін барғанын полиция тергеп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: ашық дереккөз

ЛУДОМАН БОЛҒАН БА?

Әлеуметтік желіде қылмысқа қатысты түрлі әңгіме желдей есіп жүр. Ондағы мәліметке сенсек, жас жігіт ата-анасын бірнеше рет пышақтаған. Тіпті ақ параққа «кешіріңдер мені» деген жазба қалдырған екен.

Жігітті бірі ғаламтордағы ойынның тапсырмасын орындаған десе, бірі лудоман болған деп сан-саққа жүгіртуде. Полиция жігіттің бұрын соңды істі болмаған және есірткімен тіркеуде тұрмағанын айтты.

ПОЛИЦИЯ НЕ ДЕЙДІ

Атырау облысы полиция департаментінде адам өлтіру дерегімен қылмыстық іс қозғалды. Алдын ала ақпарат бойынша 25 жастағы ер адам өзінің 63 және 58 жастағы ата-анасын өлтіріп, кейін өз-өзіне қол салған. Қазіргі таңда оқиғаның мән-жайларын жан-жақты анықтау мақсатында жедел-тергеу амалдары жүргізілуде. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жариялауға жатпайды, – деді облыстық ПД баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет.

Еске салсақ, бұған дейін Атырау облысында 25 жастағы жігіт ата-анасын өлтіріп, кейін өзіне қол салғанын жазған болатынбыз.