Интернет алаяқтар Telegram арқылы адамдардың жеке дерегін 5000 теңгеден сатқан

Ғалиасқар Думан

ІІМ интернет-алаяқтыққа байланысты анықталған кейбір қылмыс түрлері туралы жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Көрнекі сурет

ІІМ криминалдық полиция департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетовтың сөзінше, ақпараттық технологиялар мен онлайн-қызметтердің дамуымен интернетте ақпарат қолжетімді бола бастағандықтан, интернет алаяқтардың да саны артқан.

ЖЕКЕ ДЕРЕКТЕР

Мысалы, Қостанай тұрғыны DarkNet пен Telegram арқылы интернет-алаяқтық жасаған. Ол криптовалюта арқылы есеп айырысып, азаматттардың жеке деректерін файлдың көлеміне қарай 5000 теңгеден бастап сатқан. Ол 1,5 млн теңгеден астам табыс тапқаны анықталды.

“Ер адам “кардингпен”, яғни банк карталарының деректемелерін ұрлап және оларды қайта сатумен, сондай-ақ ақшаға компьютерлік вирустарды таратуды үйретумен айналысқан. Қазір фигурант ұсталып, сотталды” деді Қанат Нұрмағамбетов

“КӨМЕК СҰРАУ”

Шымкенттік алаяқ Instagram парақшаның дубликатын жасап, балалардың еміне ақша жинау арқылы адамдарды алдаған. Осылайша 32 млн теңге жинаған. Ол да ұсталған.

CALL-ОРТАЛЫҚ

“Ведомство киберқылмыстарға қарсы күресті жүйелі түрде жүргізеді. Сәуір айында Украинаның Одесса және Запорожье қалаларында өткен халықаралық арнайы операция барысында бес алаяқтық call-орталық жойылды. Қаскүнемдер қазақстандық азаматтарға қатысты қылмыс жасаған. 30-дан астам күдікті ұсталды, қажетті іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Қыркүйек айында жедел іс-шараларды өткізу кезінде Алматы қаласында төрт call-орталық жойылып, 47 шетелдік ұсталды. Олар шет мемлекеттердің азаматтарына қатысты алаяқтықпен айналысқан. Тергеу шаралары жүргізіліп, тәркіленген техника тексеріліп жатыр” деді полиция полковнигі.