Қазақстанның 4 облысында 4 түрме салынғалы жатыр

Аян Өрібай

Бұған дейні ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Қазақстанда алдағы үш жылда 4 түзету мекемесі салынатынын мәлім еткен еді. Аталған министрліктің қылмыстық-атқаруы жүйесі төрағасының орынбасары Мейрам Аюбаев осы түрмелер қай өңірде салынатынын айтты, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

Фото: Ашық дереккөзден

«Бұл түзету мекемелері Түркістан, Ақтөбе, Алматы және Маңғыстау облыстарында салынады. Әр мекеме 1500 адамға арналады. Түзету мекемелері мемлекеттік-жекеменшік серіктестік шеңберінде салынады. Бұл жерде қаражаттың 70 пайызын инвестор салса, 30 пайызын мемлекет бөледі. Арнайы конкурс өткізеді. Кім ұтса, сол алады», - деді Мейрам Аюбаев Сенаттың кулуарында.

Оның айтуынша елдегі қазіргі түзету мекемелерінің бәрі де өткен ғасырдың 30-40 жылдары салынған. Ал Қазақстан тәуелсіздік алғалы елде бірде-бір түрме тұрғызылмаған.

«Төрт колонияның жобалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Біздің ойымызша, бұл – халықаралық стандарттардың бәріне жауап беретін түзету мекемелері болар деген үміттеміз. Ескі түрмелерде отырған сотталушылардың бәрі де сол жаңа түрмеге ауыстырылады», - деді ол.