"Жалған ақпарат": Ішкі істер министрлігі Талғардағы оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады

Ілияс Бақыт

Талғарда адам өліміне ұласқан төбелестің бейнежазбасы өшіріліп тасталды деген ақпаратқа қатысты Ішкі істер министрлігі пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Видеодан скриншот

Бұған дейін қаза тапқан жасөспірімнің әкесі бейнебақылау камерасының жазбасын әлдекімдер өшіріп тастағанын айтқан. 

«Біздің дүкенде тұрған видеоны алады да, өшіріп тастаған. Видео жоқ дейді. Ойлаңдаршы, осы әділдік пе? Ол видеода магазинге кірген қылмыскерлер бар. Соны өшіріп тастаған. Мен сіздерге видеоны көріп, қылмыскерлердің әрқайсысын көрсете алам деймін. Енді кімге сенейін. Айтыңыздаршы. Қосыңдаршы десем, видеоны өшіріп отыр. Не үшін шықпаймын? Балам үшін шығып отырмын. Мен өлсем өліп кетейін, басқа жасөспірімдер мерт болмасын» – деген еді марқұмның әкесі. 

Бірақ Ішкі істер министрлігі бұл ақпарат шындыққа сай келмейтінін мәлімдеді. 

«Әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында Талғар ауданындағы қайғылы оқиға болған жерден бейнебақылау камераларының жазбалары өшірілді деген жалған ақпарат тарауда. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде барлық қолда бар бейнежазбалар полиция тарапынан тәркіленіп, қылмыстық іс материалдарына заттай дәлел ретінде тіркелгенін хабарлаймыз. Қазіргі уақытта тергеу барысында барлық бейнежазбалар зерттеліп, оқиғаға қатысушылардың әрекеттеріне құқықтық баға берілетін болады», – делінген ІІМ хабарламасында. 

ӘКЕСІНЕ АРАША ТҮСКЕН

Алматы облысында жас жігіттердің төбелесі 16 жастағы жасөспірімнің өлімімен аяқталған. Марқұм дүкенде сауда жасап тұрған әкесімен ерегескен клиентпен төбелескен. Бұрын тараған ақпараттарға қарағанда, клиент дүкеннен сыра алып, ақшасын төлемей кетпек болған. Төбелес сол үшін туындаған. Сыраны тегін алып кетпек болған жігіт жақтастарын шақырып, әкесі мен баласын, туыс ағасын соққыға жыққан.

Бір топ жігіт жасөспірімді тепкілеп жатқанын маңайдағы тұрғындар видеоға түсіріп алған. 10-шы сыныпта оқитын Шерзат Болат ата-анасының дүкеніне кездейсоқ келген. Суық қарумен келген бұзақылар ешкімді аямапты.

Қансыраған бір отбасының мүшелері ауруханаға жеткізілген. Көп ұзамай жасөспірім жансақтау бөлімінде көз жұмған. Қара жамылған отбасы жігіттердің үш көлікпен келгенін айтады. Олардың қасында қыз балалар да болған деген мәлімет бар.

АШЫҚ СОТТЫ ТАЛАП ЕТЕМІЗ

Марқұмның әкесі сот ашық өтуін сұрап Бас прокурор Берік Асыловқа үндеу жасады.

Ал Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді бозбаланың отбасына тегін адвокат тауып бергені туралы хабарлағанбыз.

Белгілі заңгер Ләззат Ахатова Талғардағы 16 жастағы баланың өліміне қатысты мәселеде күдіктілерді өз бетінше жасалауға тырыспай заңға бағынуға шақырған.