Қытай төрағасы Си Цзиньпин 19 қарашада Шэньчжэнь қаласында АҚШ президенті Дональд Трамп және Ресей президенті Владимир Путинмен үшжақты кездесу өткізеді. Бұл ақпаратты Қытай Сыртқы істер министрлігі растады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Кездесу 18-19 қарашада Шэньчжэнь қаласында өтетін Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы (АТЭС) саммиті аясында ұйымдастырылады. Си Цзиньпин көшбасшылар кездесуіне төрағалық етіп, сөз сөйлейді.
– 19 қарашада төраға Си Цзиньпин Шэньчжэнь қаласында Ресей президенті Владимир Путин және АҚШ президенті Дональд Трамппен Қытай, Ресей және АҚШ арасындағы саммит өткізеді, – делінген Қытай сыртқы істер министрлігінің хабарламасында.
Бейжің кездесуді ең соңында растады
Бұған дейін кездесу туралы Кремль мен Ақ үй хабарлаған еді. Ал Бейжің оны ресми түрде растаған жоқ. 4 қарашада Қытай Сыртқы істер министрлігі Ресей және АҚШ-пен ықтимал кездесу жөнінде байланыс орнатып жатқанын ғана мәлімдеген.
Бұған дейін Reuters агенттігі дереккөздеріне сілтеме жасап, Қытай кездесу барысында Украинадағы соғысты талқылауға қарсы екенін жазған еді.
Бұл үш ел басшыларының осындай форматтағы алғашқы кездесуі болмақ.
Контекст
Еске салайық, 14 қарашада Ақ үй үшжақты кездесудің өтетінін растады. Трамп негізгі тақырып ретінде ядролық арсеналдарды қысқартуды талқылауды көздеп отыр. АҚШ әкімшілігінің мәліметінше, Украинадағы соғыс негізгі күн тәртібіне енгізілмеген.
Вашингтон бірден нақты келісімге қол жеткізуді күтпейді және кездесуді алғашқы қадам ретінде қарастырады.
Бұған дейін Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков кездесуде Украинадағы жағдайды реттеу мәселесі талқыланатынын мәлімдеген еді.
The Wall Street Journal басылымының дерегінше, үш ел басшысын бір үстел басына жинау идеясын қазан айында Путин ұсынған. Ол Киев пен Еуропаның қатысуынсыз соғысты аяқтау шарттарын талқылауды көздеген.