Қазақстанда риелторлардың жұмыс істеу тәртібі өзгеруі мүмкін. Атап айтқанда, делдалдарға өз қызметіне жүгінбеген адамдардан комиссия талап етуге тыйым салу мәселесі талқыланып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Клиенттің келісімінсіз комиссия талап етуге болмайды
Мысалы, адам пәтер тауып, оны сатып алуға немесе жалға алуға келіседі. Алайда мәмілені рәсімдеу кезінде риелтордың қызметіне тапсырыс бермесе де, оған қосымша ақы төлеу керегі белгілі болады. Енді осындай жағдайларға жол бермеу көзделіп отыр.
Сауда және интеграция министрлігі депутаттармен және кәсіби қауымдастық өкілдерімен бірлесіп, делдалдардың жұмысына ортақ талаптар әзірлеуді талқылап жатыр.
– Клиент маманның кімнің мүддесін қорғайтынын және нақты қандай қызметтер үшін ақы төлеу керегін алдын ала білуі керек, – деп түсіндірді министрлік.
Сондай-ақ келісімшартта делдал қызметінің құны, комиссия мөлшері және оны төлеу тәртібі нақты көрсетілмек.
Риелторлардың бәрі бірдей жұмыс істей алмай ма?
Өзгерістер риелторлардың өзіне де қатысты болуы мүмкін. Қазір жылжымайтын мүлік мәмілелерін сүйемелдейтін мамандардың білімі мен дағдысына қойылатын талаптарды айқындайтын кәсіби стандарт әзірленіп жатыр.
Бұдан бөлек, риелторларды реттелетін кәсіптер тізіміне енгізу мәселесі қарастырылады. Бұл жағдайда олардың кәсіби даярлығына міндетті талаптар қойылып, біліктілігін растауы қажет болады.
Делдалдардың жұмысын бақылау міндеті кәсіби бірлестіктерге жүктелуі мүмкін. Олар клиенттердің шағымдарын қарап, талаптарды бұзған мамандарға қатысты шара қолдана алады.