Шығыс Қазақстанда риэлторлар бірнеше тұрғынның үйін тартып алған

Қалижан Бектемір

Шығыс Қазақстанда заңсыз жұмыс істеген риэлторлар ұсталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: ашық дереккөз

ШЫҒЫН КӨЛЕМІ 60 МЛН ТЕҢГЕДЕН АСАДЫ

Белгілі болғандай, қылмыстық топтың жеке нотариусы да болған.

ШҚО-да төрт риэлтор бірнеше пәтерді иемденіп үлгерген. Олар ішімдікке салынған тұрғындарға тиесілі болған екен.

Тінту кезінде күдіктілерден құжаттар, жәбірленушілердің жеке деректері, тіпті жеке куәліктері табылды.

Келтірілген жалпы шығын 60 миллион теңгеден асты. Алайда алаяқтар барлық ақшаны жұмсап үлгермеген көрінеді, олардан ірі көлемдегі қолма-қол ақша табылды.

ПОЛИЦИЯ НЕ ДЕЙДІ

Зардап шеккендерге келтірілген жалпы шығын 60 миллион теңгеден асады. Полицияға төрт күдікті жеткізілді. Олардың осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр. Тергеу аса ірі көлемдегі алаяқтық бойынша қозғалды, – деді ШҚО ПД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Руслан Нұрсапанов.

Айта кетейік, бұған дейін риэлторлардың ауадан ақша жасап, тұрғындарды қалай алдайтынын жазған болатынбыз.