Берік Әбдіғалиұлының қызметінен кетуі екі басқарма басшысының ұсталуымен байланысты ма

Аян Өрібай

Ulysmedia.kz тілшісі бұл сұрақты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Данияр Бекайдаровқа қойды.

Ulysmedia коллажы

АНТИКОР НЕ ДЕЙДІ

Әкімнің қызметінен кетуіне басқарма басшыларының ұсталуы себеп болды ма? Антикор өз тарапынан ұсыныс енгізді ме? Бұл сұраққа Данияр Бекайдаров жауап бергенімен нақтылық болмады.

– Негізінен заңмен сіз айтқан мәселе бекітілген. Заңның жүзеге асырылуы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің құзіретінде. Сондықтан ол ақпараттарды сол агенттікке сұрақ жолдауға болады. Қосымша брифингтен кейін ақпаратты береміз. Бұрын аккредитация кезінде сұрақты бермегендіктен (журналист) жауап алу… Өзім Ұлытау облысындағы жайттар туралы бірнеше айтқан болатынмын. Ұсыным жөнінде сұрақты жазбаша жауап береміз, – деді Бекайдаров. 

ЕКІ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ СОТТАЛҒАН

Еске сала кетейік, бүгін таңертең Ақорда Берік Әбдіғалиұлының Ұлытау облысының әкімі лауазымынан босатылғанын хабарлаған еді. Ол Ұлытау облысы құрылған күннен бастап аталған өңірде әкім болған. 

2024 жылдың наурыз айында Ұлытау облысының мәдениет басқармасының басшысы пара алғаны үшін жұрт алдында сотталған еді. Сонымен қатар, Ұлытау облысы Табиғи ресурстар басқармасының басшысына су тасқынын жоюға бөлінген ақшаны жымқырген айып тағылған.