Талғардағы оқиға. Шерзаттың өліміне күдіктілердің бірі бұрын не үшін сотталғаны белгілі болды

Ғалиасқар Думан

Талғарда бір шөлмек сыраға бола шыққан төбелестен 16 жастағы Шерзат Болаттың қыршыннан қиылғаны қоғамның қабырғасын қайыстырды. Әр кез сайын оқиғаға қатысты тың дерек шығып, жұртшылық оның барысын жіті бақылап отыр. Марқұмның жақындары күдіктілердің кейбірі бұрын сотты болғанын жеткізген еді. Ulysmedia.kz күдіктілердің бірі таяуда қылмыстық жауапкершілікке тартылып, жазасын өтеуі керек болғанын, екінші күдікті жауапкершіліктен жалтарып кеткенін анықтады.

Коллаж Ulysmedia.kz

СОТТЫ БОЛҒАНДАР

Шерзаттың жақындары төбелеске ұл-қызы аралас 13 адам қатысқанын айтады. Ресми орындар тек жеті күдікті ұсталғанын хабарлаған. Құзырлы мекемелер күдіктілер туралы ақпарат жарияламаса да желіде төбелеске қатысты делінген адамдардың аты-жөні, олардың суреттері тарап кетті.

Солардың ішінде расында да бұрын істі болған екі адам бар болып шықты. Бірі – Нұрқияс Ілиясов, екіншісі – Шынасыл Абзал. Кейбір анонимдік арналар кейінгісін Шерхатқа пышақ сұққан адам ретінде көрсетіп жатыр.

Сот кабинетінің ақпаратына қарағанда 1998 жылы туған Нұрқияс Ілиясов пен 2000 жылы туған Шынасыл Абзал бірнеше ай бұрын ғана сот орындығында болған.

НЕ ҮШІН СОТТАЛҒАН

Ресми дереккөздегі ақпаратқа сай, Ілиясов 2024 жылғы 8 сәуірде қылмыстық кодекстің 107 (Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру) және 293-бабы (Бұзақылық) бойынша кінәлі деп танылып, 2 жыл 6 айға мерзімге бас бостандығы шектелген. Әрі бұзақылық бабымен үш эпизодта көзге түскен. Яғни ол жазасын өтеу аясында сыртта сыралатпай жұмыс орнында немесе үйінде отыруы керек болған. Үш эпизодтың бірінде Шынасыл Абзалдың аты-жөні айталы. Алайда ол жазаға тартылмаған.

Ілиясов 2023 жылғы 28 шілдеде мас күйде Талғардағы “Хан” караоке-барында бармен болып істеген Р.Труспеков деген азаматты ұрған. 1 қыркүйекте тура сол жерде тағы да мас күйде М.Сүлейменов деген ер адамды соққыға жыққан. Араға он күн салып 10 қыркүйекте жанар-жағармай бекетінде  А.Манап деген азаматпен жанжалдасып, оны да соққы астын алған. Осы кезде оның жанында Шынасыл Абзал мен тағы біреу болған.

Қызығы сол, Алматы облысы Талғар аудандық соты қылмыстық істе бірдеше зардап шешуші болғанына қарамастан, бұзақыларға салыстырмалы түрде “жұмсақ” шешім шығарған.

Сот үкімінде Ілиясов “ісіне өкініп, жасағанын мойындап, жәбірленушілермен татуласқандықтан шартты жаза тағайындалдыә делінеді.

Ал Шынасыл Абзал тараптардың татуласуынан кейін тіптен ешқандай жауапкершілік арқаламаған.

“Зардап шегушілердің барлығы сотталушымен татуласқанын растап, оны бостандығынан айырмауды сұрады. Татуласуға байланысты А.Н.Шынасылға байланысты эпизод тоқтатылды” делінген құжатта.

ШЕРЗАТ БОЛАТТЫҢ ҚАЗАСЫ

Алматы облысында жас жігіттердің төбелесі 16 жастағы жасөспірімнің өлімімен аяқталған. Марқұм дүкенде сауда жасап тұрған әкесімен ерегескен клиентпен төбелескен. Клиент дүкеннен сыра алып, ақшасын төлемей кетпек болған. Төбелес сол үшін туындаған. Сыраны тегін алып кетпек болған жігіт таныстарын шақырып, әкесі мен баласын, туыс ағасын соққыға жыққан. Қансыраған бір отбасының мүшелері ауруханаға жеткізілген. Көп ұзамай Шерзат Болат жансақтау бөлімінде көз жұмған. Қара жамылған отбасы бұзақылар үш көлікпен келгенін, олардың қасында қыз балалар да болғанын айтады. Айдың күнің аманында бір үйдің үш адамын соққыға жығып, біреуін мертіктірген бұзақыларға ашуланған жұрт әлеуметтік желіде аймақтық полиция депарламенті мен прокуратурасына ашылу пікір жазып жатыр. Ел арасында “күдіктілердің “крышасы” бар, сондықтан да қалада ойына келгенін жасап жүр” деген де сөз тарауда.

Айта кету керек, Алматы облысы полиция департаменті 2022 жылдан бері басқарған Бауыржан Әленов резонанс тудырған өлімнен кейін бірден министрлікке ауыстырып жіберген. 7 қазан күні 16 жастағы Шерзаттың жер жастанғанына үш күн болғанда ол ішкі істер министрі болып тағайындалды.