Манхва нұсқаулығы. 14 жасар қыз неге өзіне қол салғаны анықталды

Әлихан Асқақ

Қазан айының басында Ақмола облысы Аршалы ауданының бір ауылында 2010 жылы туған кәмелетке толмаған қыздың өзіне қол жұмсауы неден болғаны анықталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ашық дереккөз

ТҮСІНІКСІЗ ОЙЫН

Белгілі болғандай, кәмелетке толмаған А. өз-өзіне қол жұмсаудың алдында интернетте алты түрлі түйіндер туралы материалды және қайта туу туралы манхва – нұсқаулығын қараған.

Манхва – Оңтүстік Кореяда кеңінен танымал комикс, ол корей мәдениетін, дәстүрлерін және ойлау тәсілін бейнелейді.

Манхваның қайта туумен байланысы концепциясы кейіпкерлерге жаңа денеде, ұқсас әлемде немесе өткен өмірінде қайтадан өмір сүру мүмкіндігін насихаттайды.

Who Made Me a Princess манхвасындағы кейіпкер романдағы ханшайымның денесінде қайта туады және өзінің қайғылы тағдырын болдырмау үшін оны өзгертуге тырысады.

САРАПШЫЛАР НЕ ДЕЙДІ

Бүгінгі күні сарапшылар адамның мінез-құлқына 25-ші кадр теориясының ықтимал әсерін зерттеп жатыр, бұл теория қандай да бір әрекеттер жасауға мәжбүр етуі мүмкін.

Өзіне қол жұмсауды насихаттау белгілерінің болуына байланысты 2024 жылдың 8 қазанында Аршалы ауданының прокуратурасы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 313-1 бабы бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастад. Қылмыстық істі тергеу арнайы прокурорға тапсырылып, тергеу барысы бақылауға алынды. Осындай жағдайларды болдырмау мақсатында ата-аналарды (қамқоршыларды) балалардың гаджеттерді пайдалануын бақылауға шақырамыз, тек пайдалану уақытын шектеу ғана емес, сұраулардың тақырыбын да тексеру маңызды, – деп хабарлады Ақмола облысының прокуроры Руфат Құттықов.

Естеріңізде болса, бұған дейін астана маңында 14 жастағы қыз өзіне қол салып, қайтыс болғаны туралы жазғанбыз.

Сонымен қатар, Америкалық отбасы асырап алған қазақ қызы өзіне қол жұмсағаны туралы хабарлағанбыз.

Бұған дейін мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова мектеп оқушылары арасында өзіне қол жұмсау фактілерінің көбеюі оқушылар мен ата-аналардың цифрлық сауаттылығын арттыруды талап ететінін айтқан еді.

Қазақстанда соңғы уақытта суицид жағдайлары жиілеп кетті.

Жуырда Almaty Management University студентінің мәйіті табылған болатын. 

Оның алдында сержант Алматыдағы Құрлық әскерлерінің әскери институтында суицид жасаған.

Сондай-ақ 18 жастағы жігіт Алматыдағы Әуезов ауданындағы көпқабатты үйден секіріп кеткен еді.

Одан бөлек Алматыда 12 жастағы жасөспірім қыз 13-қабаттан секіріп өзіне қол салған. Оның алдында екі оқушы қыз 8 қабаттан секіріп мерт болған еді. Жасөспірімдердің суицидін өзіне қол салуға итермелейтін қауіпті ойындармен байланыстырып жатқандар бар. Алайда бұл нұсқа ресми расталмады.