Депутат сауал жолдады. Несие кешіріле ме?

Әлихан Асқақ

Депутат Асхат Рақымжанов алаяқтық жолмен рәсімделген кредиттерді есептен шығаруды ұсынды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia

Оның айтуынша, бүгінде алаяқтардан зардап шеккен азаматтардың саны күн сайын өсіп келеді. Алаяқтар бір адам 20-40 миллион теңгенің кредитін алғандай етіп жасайды.

Ондай қылмыстық схемаларға банк қызметкерлері де қатысуы мүмкін. Себебі әдетте табысы сай келмейтін адамдарға кредит берілмейді. Бірақ бізге түскен арыздарға қарағанда жағдай мүлдем басқаша болып тұр. Зейнеткердің атына да бірнеше кредитті заңсыз рәсімделген деректер бар. Демек, бұл мәселені банктің өзінде реттесе, ондай жағдайлар болмайтын еді, – дейді Рақымжанов.

Осы орайда депутат ЖСДП фракциясының онлайн кредиттерге толығымен тыйым салу бастамасын қолдайтынын да жеткізді.

Сондай біздің фракция банктердің кесірінен зардап шеккен азаматтардың кредитін кешіру керек деп санайды. Оны банктердің есебінен жасау қажет. Сонда олар өз ақпараттық жүйелерінің қауіпсіздігін күшейтуге мүдделі болады, – дейді депутат.

Фракция депутаттары бас прокуратурадан заңсыз рәсімделген кредиттер бойынша банктерге қатысты тергеу бастауды талап етті.