Қызына араша түсіп күйеуіне пышақ сұққан әйел әділдік іздейді

Ілияс Бақыт

Белгілі журналист, заңгер Инга Иманбай желідегі парақшасында президенттен араша сұраған әйелдің хатын жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Әлеуметтік желіден

Инга Иманбай желідегі парақшасында өзіне жолдаған хатты жариялады. Онда аты-жөні белгісіз әйел өз басынан өткен оқиғаны баяндаған. Айтуынша, әйел бұрынғы күйеуіне пышақ сұққаны үшін сотталған. 

“Қазір әйел бұрынғы жұбайына пышақ салғаны үшін үш жарым жылға сотталды. Кішкентай балалары болғандықтан жазасын өтеу бес жылға шегерілген. Ол бұрынғы жұбайын не үшін жарақаттағанын білесіз бе? Ол алты жасар қызын әкесінің зорлығынан қорғады, әкесі бір күні қызына келіп, тыржадаңаш құшақтап, сүйген”, – дейді Инга Иманбай. 

Әйелдің айтуынша, баланы пышақпен қорғаудан басқа амалы қалмаған.  

“Бұл үшін әйел сотталды. Ал ер адам жоқ! Ол әлі де бостандықта! Оған қатысты қылмыстық іс төрт рет жабылып, ашылды. Қазір іс қайта ашылды. Бірақ Бостандық ауданының тергеушілері істі тергеуге асықпайды. Сондықтан әйел президентке және уәкілетті органдарға жүгінуге мәжбүр”, – дейді құқыққорғаушы.   

Әрі қарай өзіне жолдаған хатын келтіреді. Онда жәбірленуші басынан өткен оқиғаны толық баяндаған. 

“Екі жыл бұрын Бостандық ауданының тергеушісі А.А. маған қысым көрсетіп, қорқытып, жертөледе тамақ пен сусыз үш күн ұстады. Осылайша, ол қажетті түіндірмеге қол жеткізуге тырысты. Ол ұлымның түсіндірмесін әдейі бұрмалады, ол да сол күннің куәсі. Нәтижесінде, өз қызын зорламақ болған қоғам үшін қауіпті потенциалды педофил екі жылдан бері бостандықта! Ал мені, баланы зорлықтан қорғаған ананы, бұрынғы жұбайын шарасыздықтан пышақпен жарақаттап тоқтатқаны үшін үш жарым жылға соттады”, – делінген  хатта. 

Әйелдің сөзінше, күйеуі ұлына да тиіскен. Сондықтан ажырасуға тура келген. Бірақ бұрынғы күйеуінің туыстары, таныстары мен достары органдарда істегендіктен, іс жабылып қалған.  

Енді әйел Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан, Бас прокурор Берік Асыловтан араша сұрайды.