Келесі жылдан бастап ірі мектептерде стоматология кабинеттері ашылады

Айнель Аянова

Оқу ағарту министрлігі денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп бірқатар жобалар жүзеге асыратынын мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Қос министрлік білім беру ұйымдарында медициналық қызметті ұйымдастыру, инклюзивті кабинеттер, сондай-ақ педагогтердің денсаулығын сақтау, психологтардың біліктілігін арттыру мәселелері бойынша бірлесіп жұмыс істемек.

Мәселен, санитарлық-эпидемиологиялық шаралар мен кейбір нормативті-құқықтық актілер қайта қаралмақ.

“Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен балалардың денсаулығын нығайту бойынша бірлескен жоба аясында келесі жылдан бастап ірі мектептерде стоматология кабинеттері ашылады” делінген министрлік хабарламасында.

Министрлік сапалы тамақтануды ұйымдастыру үшін мектеп асханаларына санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуына мониторинг жүргізілетінін, ол мектептегі тамақтану қауіпсіздігін қамтамасыз ету және бұрын орын алған келеңсіз жағдайларға жол бермеу шараларын күшейтуге бағытталғанын атап өткен. Елде облыстық басқармалар мен аудандық білім бөлімдерінің жанынан барлығы 222 ведомствоаралық сараптамалық топ құрылған.