Экс-ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевты соттаған судья Айжан Құлбаеваға қоқан-лоққы жасағандар әлі табылмай жатыр. Ulysmedia.kz порталы ІІМ-ге жолдаған ресми сауалдан осындай жауап келді.
ІІМ НЕ ДЕЙДІ
– Астана қаласы полиция департаменті қоқан-лоқы жасау фактісі бойынша тергеу жүргізуде. Аталған факті қылмыстық кодекстің 407-бабы 1-бөлігі бойынша тіркелген (сот төрелігін жүзеге асыруға және сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізуге кедергі жасау). Осы құқық бұзушылыққа қатысы бар адамдарды жедел-іздестіру іс-шаралары одан әрі жалғасуда. ҚР ҚПК-нің 201-бабының талаптарына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жариялауға жатпайды, – делінген жауапта.
СУДЬЯНЫ ҚОРҚЫТУ
ІІМ басшысының бірінші орынбасары болған Марат Қожаев бұған дейін судьяны қорқыту бойынша полиция екі істі тергеп жатқанын хабарлаған еді. Ақпаратты Қазақстанның Жоғарғы соты таратқан.
- Судьяның ұялы телефонына белгісіз нөмірден қоңыраулар мен қорқыту хабарламалары түскен. Қылмыстық кодекстің 407-бабының 1-бөлігі (Сот төрелiгiн жүзеге асыруға кедергi жасау мақсатында соттың қызметiне араласу) бойынша сотқа дейінгі Іс жүргізу басталды. Судья, жеке қауіпсіздік шараларымен қамтамасыз етілді, – делінген хабарламада.
Сонымен қатар, интернет кеңістігінде жүргізілген мониторинг барысында судьяға қатысты қылмыстық құқық бұзушылық іс-әрекеттері бар көптеген жағымсыз жарияланымдар анықталған.