5 бала қаза тапты: Қостанай облысында жеке тұрғын үй түгі қалмай өртеніп кетті

Қалижан Бектемір

Бүгін таңғы сағат 04.29-да Қостанай облысы Жітіқара қаласында жеке тұрғын үйден өрт шығып, шатыры опырылып түскен. Салдарынан 5 бала қаза тапты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: ашық дереккөз

МӘН-ЖАЙЫ

Оқиға орнына 7 минут ішінде құтқарушылар келіп жеткенше, үй толығымен отқа оранған. Өрт сөндірушілер тез арада өртті сөндіріп, үйінділерді тазартуға кірісті. Сағат 06:08-де өрт оқшауланып, толығымен сөндірілді.    

Апат кезінде үйде ересектердің қарауынсыз кәмелетке толмаған 2011, 2016, 2018, 2019, 2022, 2023  жылдары туған балалар  болған. Өкінішке қарай, үйінділерді тазарту барысында  бес баланың денесі табылды. Балалардың үлкені, 2011 жылы туған бала ғана аман, зардап шекпеген.

АТА-АНАСЫ ҚАЙДА

Алдын ала мәлімет бойынша, балалардың анасы кешкісін құрбысына кеткен, ал жұбайы түрмеде отыр. 

Қазір оқиғаның себептері анықталуда. Өрт-техникалық зерттеу жұмыстары жүргізіледі.

Апаттар медицинасы орталығы филиалының психологтары туыстарына қажетті психологиялық көмек көрсетіп жатқанын хабарлады,

Жергілікті атқарушы органдар тарапынан барлық қажетті көмек, соның ішінде материалдық көмек те беріліп жатқаны айтылды.

ТЖМ тұрғындардан кәмелетке томаған балаларды қараусыз қалдырмауды сұрайды.

Еске салсақ, бұған дейін Қостанай облысында дала өрті 10 мың гектарға өршіп кете жаздағанын жазған болатынбыз.

АСТАНАДА ЖЕКЕ ҮЙДЕН ӨРТ ШЫҒЫП, 5 БАЛА ҚАЗА БОЛҒАН

Естеріңізде болса, бес жыл бұрын – 2019 жылы ақпанның 4-іне қараған түні Астананың Көктал-1 шағын ауданындағы Шыңғыстау көшесінде орналасқан жеке үйдің ауласындағы уақытша баспана өртеніп, бір отбасындағы 2006, 2008, 2013, 2015 және 2018 жылы туған бес қыз бала опат болған еді. Қаза болған балалар ақпанның 5-інде жерленген.

Астана қалалық Төтенше жағдайлар департаменті: «Өрт болған кезде балалардың ата-анасы жұмыста болған» деп хабарлаған. Туыстарының сөзінше, балалардың анасы содан үш күн бұрын жұмысқа шыққан, әкесі көлік жөндеу орталығында жұмыс істеген.