Астанада қар ұшқындап тұр. Әуежайда бірнеше рейс кешігіп жатыр

Қалижан Бектемір

Астанада ауа райы күрт өзгеріп, қазір қалада қар ұшқындап тұр. Бұл әуежайдағы рейстерге де әсер етіп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Alexey_Lesik/Getty Images

Астана әуежайы баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, қазір 8 рейс кейінге шегерілген. Оның үшеуі ұшып кететін, бесеуі ұшып келетін рейс.

Онлайн таблодағы мәлімет бойынша, Qazaq Air IQ 438 ұшағы Петропавлдан кешігіп жатыр, ол Астанаға 15:20-да қонуы керек еді, енді 15:45-те жетеді. Ақтөбеден ұшатын ұшақ бір сағаттан кейін келеді (17:55-те емес, 18:55-те). Бұл рейс Qazaq Air компаниясынікі.

Алматыдан DV 5351 рейсі (SCAT) үш сағатқа кешігеді.

Ұшып кететін үш рейс те: Новосібірге (IQ 511, Qazaq Air әуе компаниясы), Қытайдың Санья қаласына (DV 475, Scat әуе компаниясы), сондай-ақ Алматыға (IQ 359, Qazaq Air әуе компаниясы) ұшатын рейстер кейінге қалдырылған.

Баспасөз қызметі Астана халықаралық әуежайы төменгі температура кезінде үзіліссіз жұмыс істеуі үшін барлық қажетті шараны қабылдап жатқанын хабарлады.