Жағдайы тұрақты – Түркияға жеткізілген Ербаян Мұхтар ем қабылдап жатыр

Сырым Қаржас

Әскерде жараланған Ербаян Мұхтар Түркияда емін жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

erbayan2024/Іnstagram

– Қайырлы кеш, баршаңызға! Ербаян жағдайына байланысты соңғы ақпаратты бөлісеміз. Ербаянның жағдайы қазір тұрақты, Аллаға шүкір. Дәрігерлердің қарауында қажетті ем қабылдап жатыр. Күнделікті ЛФК жүріп жатыр. Ербаянның ата-анасы барша қазақ халқына және өзге жанашыр жандарға шексіз алғыс айтады. Қолдауларыңызға үлкен рахмет, – деп Ербаянның жағдайы жөнінде соңғы ақпаратты бөлісті туған-туыстары.

САРБАЗ ТУРАЛЫ НЕ БЕЛГІЛІ

Ербаян Мұхтарұлы 22 жаста. Отбасында 4 баланың үлкені. Әскерге өзі сұранып барған. Бірнеше айдан кейін комаға түсіп, ауруханаға жеткізілген. Әскерге кетпес бұрын жас жігіттің дені сау болған, спортпен шұғылданған.

ЕРБАЯННЫҢ ОҚИҒАСЫ

Ербаян Мұхтар Ұлттық ұланда мерзімді әскери қызметте жүріп жараланған. Алматыдағы Ұлттық ұланның 5571 бөлімінде былтыр құлап, комаға түскен, биыл сәуірде оянған сарбазды туған-туыстары Астанаға жеткізе алмаған еді. Ulysmedia.kz редакциясына хабарласқан олар президенттен көмек сұрап, үндеу жариялаған. Әскери бөлім «сарбаз дәретханада өзі құлап, басын кафельге соғып алды» деген. Ербаян Мұхтардың әкесі де, шешесі де бұл нұсқаға сенбейді.