Батыс Қазақстан облысында қаңғыбас ит қыз баланы талап тастаған

Қалижан Бектемір

Батыс Қазақстан облысы Ақсай қаласында қаңғыбас ит қыз баланы қауып алған. Ол ауруханаға жатқызылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: facebook

Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа қарағанда, қаланың солтүстік бөлігіндегі балалар алаңы аумағында кішкентай қызға иттер шабуыл жасаған. 

БҚО Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі 11 қазан күні сағат 11.40-та Бөрлі аудандық ауруханасына көптеген жарақатпен 5 жасар қыз жеткізілгенін мәлімдеді.

Травматикалық шок белгілері бар қыз бала жансақтау бөліміне жатқызылды. 

Қызға ауырсынуды басатын ем жасалып, жарақатты алғашқы хирургиялық өңдеу жүргізілді. Сондай-ақ шұғыл түрде сіреспеге қарсы егілді. Жансақтау бөлімшесінде жатқан кезде қыздың жағдайы тұрақталып, хирургияға ауыстырылды. Қазіргі кезде оның жағдайы тұрақты ауыр. Тамақты өздігінен ішеді. Қозғалады. Қыз бала қажетті емін алуда, – деп хабарлады ведомстводан.

Бұған дейін Теміртаудағы пәтерде аш иттер көз жұмған адамдардың етін жегенін жазған едік.