«Анасы қалаға кетіп қалған»: Жітіқарада өрттен өлім құшқан бес баланың ісі жайлы тың дерек айтылды

Аян Өрібай

Қазақстанның еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Қостанай облысы Жітіқара қаласында жеке тұрғын үйден шыққан өрттен қаза тапқан 5 баланың оқиғасына байланысты қосымша деректерді айтып берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ашық дереккөзден

МИНИСТР НЕ ДЕЙДІ

– Сол қайғылы оқиға болған күні сағат бесте сол үйдің үлкені көршілеріне өрт болғаны жөнінде хабар берген. Өрт сөндірушілер келген кезде өкінішке қарай кеш болған. Мен ол кезде өзім Алматыда іссапарда жүргенмін. Бірақ қайғылы оқиға болған үйге департамент директоры бірден жіберілді. Ол бастан аяқ сол жерде жүрді, тіпті жаназаға да қатысты. Тиісті көмек көрсетілді, – дейді Сватлана Жақыпова.

Министрдің айтуынша, отбасыға атаулы әлеуметтік көмек беріліп келген. Оның үстіне бес баланың әкелері бөлек болған. Әйел бұған дейін бірінші күйеуімен ажырасқан.

– Бір күйеуінен екі, екіншісінен үш баласы болған. Ең кішкентай баласы бір жасқа мамыр айында ғана толған. Сол кезде оған көпбалалы “Күміс алқа” статусы берілген. Жазда анасы бірінші күйеуінен алимент ретінде 300 мың теңгеден артық ақша алған. Тоқсанына бір рет оған 290 мың теңге мөлшерінде атаулы әлеуметтік көмек берілген. Яғни, жап-жақсы ақша алып отырған, – дейді министр.

Светлана Жақыпова балалары көз жұмған әйел дүкенде тазартушы болып жұмыс істеген. 

– Бірақ сол түні ол қалаға кетіп қалған. Қандай себеппен кеткенін тергеу органдары біледі. Себебін мен білмеймін. Бір факт: үйге 1995 жылғы азамат келіп, кешкі сағат тоғызда үйдің пешін жағып кетіп қалған. Оған үйді жылытып қоюды балалардың анасы тапсырған, – дейді министр.

ЖІТІҚАРАДАҒЫ ТРАГЕДИЯ

Қостанай облысы Жітіқара қаласында жеке тұрғын үйден өрт шығып, шатыры опырылып түскен. Салдарынан 5 бала қаза тапты.

МӘН-ЖАЙЫ

Оқиға орнына 7 минут ішінде құтқарушылар келіп жеткенше, үй толығымен отқа оранған. Өрт сөндірушілер тез арада өртті сөндіріп, үйінділерді тазартуға кірісті.

Апат кезінде үйде ересектердің қарауынсыз кәмелетке толмаған 2011, 2016, 2018, 2019, 2022, 2023  жылдары туған балалар  болған. Өкінішке қарай, үйінділерді тазарту барысында  бес баланың денесі табылды. Балалардың үлкені, 2011 жылы туған бала ғана аман, зардап шекпеген. Алдын ала мәлімет бойынша, балалардың анасы кешкісін құрбысына кеткен, ал жұбайы түрмеде отыр.