Демографиялық саясат. Бөлек орган құрыла ма?

Әлихан Асқақ

Премьер-министр Олжас Бектенов Сенат депутаттарының демографиялық саясатты жүргізуге қатысты сауалына жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ашық дереккөз

СЕНАТОРДЫҢ САУАЛЫ

Сауалда Қазақстанда демографиялық мәселелермен неге Денсаулық сақтау министрлігі шұғылданбайтыны және бұл салада жеке орган құру жөніндегі ұсыныс қамтылған.

Үкімет басшысының айтуынша, әр елде демография мәселелерімен түрлі органдар айналысады. Денсаулық сақтау министрлігі бұл салаға негізінен туу көрсеткіші төмен елдерде жауапты. Мысалы, Оңтүстік Корея және Қытай. Польша, Словакия сынды Шығыс Еуропа елдерінде бұл сала әлеуметтік мәселелерге жауапты мемлекеттік органға жүктелген.

ҚАЖЕТІ ЖОҚ

Демографиялық даму саласындағы мемлекеттік саясат – функционалдық бағыттарына сәйкес әрбір орталық мемлекеттік органдардың жұмысына енгізілген. Мемлекеттік органдар өздерінің салалық бағыты бойынша әкімшілік, экономикалық және басқа да іс-шараларды қабылдай отырып, демографиялық саясаттың тұтас жүйесін қалыптастырады. Бұл жұмыстарды Ұлттық экономика министрлігі үйлестіреді. Жаңадан қосымша мемлекеттік орган құру, мемлекеттік қызметшілер санын ұлғайту, мемлекеттік бюджетке жүктеме түсіру орынсыз, – делінген Бектеновтің жауабында.

ДЕПУТАТ НЕ ДЕЙДІ

Еске салайық, Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп демографиялық сын-қатерлер, халықтың қартаюы, бақыланбайтын урбанизация және көші-қон, халықтың шамадан тыс өлімі жүйелі және шұғыл шешімдерді қажет ететінін айтқан болатын.

Демографиялық процестер үшін Үкімет тарапынан нақты жауапкершіліктің болмауы, мониторингтің жоқтығы жүргізіліп жатқан экономикалық және әлеуметтік реформалардың тиімділігінің төмендеуіне әкеледі – деген еді депутат.