Апаттық жағдайдағы мектеп: Түркістан облысы Ескіқорған елдімекенінің тұрғындары үндеу жасады

Ғалиасқар Думан

Түркістан облысы Келес ауданы Ескіқорған елдімекенінің тұрғындары ауылда 1959 жылы асарлап салынған бастауыш мектептің қирағалы тұрғанын айтып, үнін жоғарыға жеткізу ниетімен Ұлыс редакциясына жүгінді.

Коллаж

Олардың сөзінше, 15 жылдан бері мектептің қабырғалары сөгіліп, едені тесіліп, шатыры қирап тұр. Ғимараттың төбесі түсіп, оқушылардың басына құлаған жайттар да болған.

Тұрғындар осы мектепті қайтадан жаңартып беруді сұрап, ауданның атқамінерлерінің табалдырығын талай тоздырғанын, алайда үндері аудан аумағынан аспай жатқанын айтады.

Жергілікті халық А15 жолының бойында, кеден бекетінің түбінде орналасқан ауылдың қирап тұрған мектебі елдігімізге сын дейді. Айтуларынша, ауылда не жол жоқ, электр желілері ескіргендіктен, жарық жиі сөнеді. Олардың бар үміті облыс басшыларында. Солар мәселеге назар аударып, жарты ғасырдан астам уақыт бұрын салынған мектепті қалпына келтіріп береді деп сенеді.