Әділдік жоқ. Қазақстаннан көшеміз — Шерзаттың әкесі тараған видеоға өткір реакция білдірді

Ілияс Бақыт

Талғардағы трагедияға қатысты әлеуметтік желіде бейнебақылау камерасының жазбасы тараған. Видеоның бас-аяғы түсініксіз. Осыған қатысты Ulysmedia.kz тілшісі марқұм Шерзат Болаттың әкесінің пікірін сұрады. 

Коллаж Ulysmedia

“ОЛАР БІРІНШІ ПЫШАҚПЕН КЕЛДІ”

Шерзаттың әкесінің пікірінше төбелестің видеосын әлдекімдер әдейі таратқан. 

“Бәрін көріп отырмын. Әділетті шешім күткем. Әдейі таратып отыр видеоны. Қандай жағдай болса да айтайын. Мен қан төксем, мені қаралауға болады. Мен қан төккен жоқпын. Менің баламды анасының көзінше өлтіріп отыр. Одан басқа не дәлел керек оларға? Отбасымды қалай қорғауым керек сонда?  Олар бірінші пышақпен келді ғой, мен сонда ручкамен шығуым керек пе? Жатып алып таяқ жеуім керек пе?”- дейді Қаржаубай Нұрымов.

Қаржаубай Нұрымов бұлай жалғаса берсе әділдікке сенбейтінін, тіпті Қазақстаннан көшуге мәжбүр екенін айтты. 

“Енді мен әділдік болады дегенге сенбеймін. Баламнан айырылып, үйімнен айырылып отырғанда, енді келіп осылай жасап жатыр. Амал тек отбасымды аман-есен алып шығып кетуім керек. Қазақстаннан көшем”,- деді әкесі. 

ТАЛҒАРДАҒЫ ҚАНДЫ ОҚИҒА

Еске сала кетейік, Алматы облысында жас жігіттердің төбелесі 16 жастағы жасөспірімнің өлімімен аяқталған. Марқұм дүкенде сауда жасап тұрған әкесімен ерегескен клиентпен төбелескен. Бұрын тараған ақпараттарға қарағанда, клиент дүкеннен сыра алып, ақшасын төлемей кетпек болған. Төбелес сол үшін туындаған. Сыраны тегін алып кетпек болған жігіт жақтастарын шақырып, әкесі мен баласын, туыс ағасын соққыға жыққан. Бір топ жігіт жасөспірімді тепкілеп жатқанын маңайдағы тұрғындар видеоға түсіріп алған. 10-шы сыныпта оқитын Шерзат Болат ата-анасының дүкеніне кездейсоқ келген. Суық қарумен келген бұзақылар ешкімді аямапты.

Прокуратура Талғардағы жасөспірімнің өліміне қатысты мәлімдеме жасап, «әділ тергеуге кепілдік береміз» деп ақпарат таратқан. Алайда тергеушілерге сенбеген марқұмның туған-туыстары көшеге шығып, әділдікті талап етті. Олар сол түні болған 13 адамның орнына 7 адамның ғана қамалғанына наразылық білдірді. 

Қаза тапқан жасөспірімнің әкесі бейнебақылау камерасының жазбасын әлдекімдер өшіріп тастағанын айтқан еді. Алайда ІІМ ол мәліметті жоққа шығарды. 9 қазанда депутат Нартай Аралбайұлы бас прокурор Берік Асыловқа, ішкі істер министрі Ержан Сәденовке және оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа депутаттық сауал жолдап, 16 жасар азаматты өлтірген, жақындарын аяусыз сабаған қылмыскерлер қамауға алынып, оларға заңға сәйкес әділ жаза берілуі тиіс деп мәселе көтерді. Ал оның әріптесі Абзал Құспан қылмыстық кодекстің 201-бабын (сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерiн жария етуге жол бермеу) өзгерту керек деп есептейді. Бұл қажеттілік оның сөзінше, Талғардағы жасөспірімнің өлімінен кейін айқын сезілген.

Ulysmedia.kz күдіктілердің бірі таяуда қылмыстық жауапкершілікке тартылып, жазасын өтеуі керек болғанын, екінші күдікті жауапкершіліктен жалтарып кеткенін анықтаған еді.

12 қазанға қараған түні марқұмның отбасының үйі өртеніп кетті. Шерзаттың туыстары өртті күдікті тараптың әрекетімен байланыстырады. Қайғы үстіне қайғыға душар болған Нұрымов әулетінің билікке қояр екі-ақ талабы бар.