Ресей Украинаға 132 дронмен шабуыл жасады: 41 мың отбасы жарықсыз қалды

dsns_telegram

15 қарашаға қараған түні Ресей әскері Украинаға 132 дронмен шабуыл жасады. Соққылардың бірі Одесса облысындағы энергетикалық нысанға тиіп, салдарынан 41 мыңға жуық отбасы жарықсыз қалды. Черноморск қаласында алты адам жарақат алып, тұрғын үйлер мен әкімшілік ғимарат зақымданды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Украина Қарулы күштері Әуе күштерінің мәліметінше, әуе қорғанысы 106 дронды атып түсірген немесе радиоэлектрон күрес құралдарының көмегімен залалсыздандырған. Ел аумағындағы 20 жерде дрондардың нысанаға тигені тіркелді.

Шабуылға Одесса, Житомир және Украинаның өзге де облыстары ұшыраған.

Черноморск қаласында не болды?

Түнгі шабуылдан ең көп зардап шеккен қалалардың бірі – Одесса облысындағы Черноморск.

Ресей дрондары «ДТЭК Одесса электр желілері» компаниясының энергетикалық нысанын зақымдаған. Соның салдарынан өңірдегі ондаған мың тұрғын электр жарығынсыз қалды.

Компания өкілдерінің айтуынша, жағдай мүмкіндік берген бойда қалпына келтіру жұмыстары басталған.

Енді мамандар үйінділерді тазалап, жабдықтардың жай-күйін тексеріп, бүлінген желілерді жөндеуі керек. Электр қуатын толық қалпына келтіруге біраз уақыт кетуі мүмкін.

Украинаның Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік қызметінің мәліметінше, Черноморск қаласында төрт қабатты әкімшілік ғимарат та қатты зақымданған.

Жарылыс толқыны мен ұшқан жарықшақтардан газ құбыры, көрші тұрғын үйлердің сыртқы қабырғалары мен терезелері бүлінген. Тұрақта тұрған екі көлік өртенген.

Пәтерлердің бірінде құтқарушылар сыртқа шыға алмай қалған жаралы ер адамды тапқан. Олар есікті ашып, зардап шеккен азаматқа алғашқы көмек көрсеткеннен кейін дәрігерлерге тапсырды.

Қалаға жасалған шабуылдан барлығы алты адам зардап шекті.

Одесса облыстық әскери әкімшілігінің басшысы Олег Кипердің айтуынша, олардың бесеуі ауруханаға жеткізілген.

Украинаның тағы қандай өңірлеріне шабуыл жасалды?

Житомир облысында Ресей дрондары энергетикалық нысандарға соққы жасады.

Облыстық әскери әкімшіліктің басшысы Виталий Бунечко төрт жеке тұрғын үйдің зақымданғанын хабарлады. Ол мәлімдеме жасаған кезде қаза тапқандар мен жараланғандар туралы ақпарат болмаған.

14 қараша кешінде Запорожье қаласы да шабуылға ұшырады. Жергілікті биліктің мәліметінше, Ресей әскері қалаға 12 басқарылатын әуе бомбасын тастаған.

Салдарынан көпқабатты тұрғын үйлер мен ондаған көлік зақымданып, ғимараттардың бірінен өрт шыққан.

Шабуылдан алты адам, оның ішінде бір бала жарақат алған.

Чернигов облысында аса маңызды инфрақұрылым нысанына жасалған соққыдан 42 және 45 жастағы екі ер адам қаза тапты.

Бұл туралы облыстық әскери әкімшіліктің басшысы Вячеслав Чаус мәлімдеді. Оның айтуынша, энергетикалық нысандарға шабуыл келесі күні де жалғасқан.

Ал Харьков және Донецк облыстарында сенбі күнгі шабуылдардан 18 адам зардап шеккен. Жергілікті билік олардың төртеуі бала екенін хабарлады.

Қанша дрон залалсыздандырылды?

Украина әскерінің мәліметінше, Ресей шабуылды 14 қараша кешінде бастап, түні бойы жалғастырған.

Шабуыл кезінде Shahed, Gerbera және әуе қорғанысын жаңылыстыруға арналған жалған нысана-дрондар пайдаланылған.

Украина Қарулы күштерінің мәліметінше, ұшырылған 132 дронның 78-і Shahed үлгісіндегі реактивті ұшқышсыз ұшу аппараттары болған.

Әуе қорғанысы залалсыздандырған 106 нысананың 61-і осы үлгідегі дрон екені айтылды.

Әуе қорғанысының жұмысы туралы алғашқы мәліметтер 15 қараша күні сағат 08:00-дегі жағдай бойынша жарияланды.

Сол уақытта Ресейдің кейбір дрондары әлі де Украина әуе кеңістігінде жүрген. Сондықтан шабуылдың салдары мен зардап шеккендер туралы мәліметтер кейін нақтылануы мүмкін.

Сізге қызық болуы мүмкін